«Атамекен» ҰКП-да бизнеске қойылатын Міндетті талаптар тізілімінің ЖИ жүйесі таныстырылды
Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын қолдана отырып, жаңартылған Міндетті талаптар тізілімін енгізуге және оның таныстырылымына арналған кеңес өтті. Сандық құралды талқылауға Президент Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің өкілдері, сондай-ақ салалық бизнес-қауымдастықтар мен тәуелсіз сарапшылар қатысты.
Тізілім кәсіпкерлер үшін барлық міндетті нормаларды шоғырландыратын жаңа реттеушілік саясаттың негізгі элементіне айналуға тиіс. Бүгінде дерекқорға 100 мыңнан астам талап енгізілген. Процестерді ЖИ алгоритмдері арқылы автоматтандыру заңнаманы қайта қарау жұмысын тұрақты негізге көшіруге және нормативтік құқықтық актілерді (НҚА) талдау кезінде адами факторды барынша азайтуға мүмкіндік береді.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрлері Бекболат Молдабеков пен Ерлан Сағынаев өз сөздерінде мемлекеттік реттеуді технологиялық тұрғыдан жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.


Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин бұған дейін атқарылған ауқымды жұмыстарды еске сала отырып, жаңа цифрлық құралдың негізгі міндеттерін айқындады.

«Бұл жұмыстың ауқымы бізге жақсы мәлім. Тек 2021-2023 жылдардағы ревизия барысында мемлекеттік реттеудің 44 саласындағы 2,8 мыңнан астам НҚА қайта қаралды. 128 мың талаптың 10 мыңнан астамы жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келмейтін болып танылды. Мұндай тексеруді үнемі қолмен жүргізіп отыру өте қиын. Сондықтан ЖИ технологияларын қолдану – заңды құбылыс. Бұл ретте Тізілімнің жай ғана ақпараттық жүйе немесе электронды жинақ емес, бизнеске арналған түсінікті «нұсқаулық» және мемлекеттік реттеуді жетілдірудің икемді құралына айналуы біз үшін өте маңызды», – деп атап өтті Аслан Қалиғазин.
Сондай-ақ, ол биыл нормаларды қайта қарау жұмысы ҰЭМ жанындағы Жобалық кеңсе шеңберінде жалғасқанын, онда 79 НҚА-дағы талаптар талданып, ҰКП-ның 53 ұсынысы қолдау тапқанын жеткізді. Айта кетерлігі, Палата ұстанымы өзгеріссіз қала бермек: Тізілімді тұрақты түрде өзектендіріп отыру тетігін сақтау аса маңызды. Атап айтқанда, «Қызыл аймақ» міндетті талаптарды қайта қарау қажеттілігі жөнінде уақтылы белгі беріп отыруға тиіс, ал оларды жаңарту мерзімдерінің бұзылуы Тізілімнен шығарып тастауға әкеп соғуы қажет.


Кеңес барысында жүйені әзірлеуші Ерғали Мәбиев қатысушыларға платформа жұмысы негізделетін ЖИ алгоритмдерін таныстырды. Сондай-ақ, жиында бизнестің кері байланысына ерекше назар аударылды: Қазақстан құрылысшылар одағының, Алматы қаласы Туризм жөніндегі салалық кеңесінің, «Медициналық инвестициялық альянс» РҚБ, ҚР Қоғамдық тамақтану бойынша ӨРҰ және басқа да бірлестік өкілдері өз ұсыныстары мен ескертулерін айтты. Олар жүйені одан әрі баптау мен толтыру кезінде ескерілмек.


Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ЖИ-ді енгізудің түпкілікті мақсаты – Қазақстанның әрбір кәсіпкеріне бір рет басу арқылы өз қызметінің ерекшелігіне қатысты барлық талаптарды көруге мүмкіндік беретін барынша ыңғайлы, ашық әрі сұранысқа ие құрал жасау деген ортақ пікірге келді. Жүйенің іске қосылуы бизнесті артық әкімшілік жүктемеден босатып қана қоймай, еліміздегі іскерлік ахуалды айтарлықтай жақсарта отырып, отандық кәсіпкерліктің сапалы дамуына серпін береді.