Көкшетауда өңірдің үздік тауар өндірушілері анықталады

09.07.2026
Көкшетауда өңірдің үздік тауар өндірушілері анықталады

Ертең, 10 шілдеде, облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайының алдындағы алаңда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өтеді. Сағат 9:30-дан бастап келушілерді Ақмола облысы тауар өндірушілерінің кең ауқымды өнім көрмесі, сапалы отандық тауарларды нарықтағы бағадан төмен бағамен сатып алу мүмкіндігі және бағалы сыйлықтар ойнатылатын ұтыс ойыны күтеді.

Биыл өңірлік кезеңге Ақмола облысының 90-ға жуық тауар өндірушісі қатысады. Көрмеде тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс индустриясы және басқа да салалар кәсіпорындарының өнімдері ұсынылады. Келушілер өңірде өндірілетін өнімдердің ассортиментімен танысып, азық-түлік өнімдерін, тұрмыстық тауарларды және жергілікті өндірушілердің өзге де өнімдерін тиімді бағамен сатып ала алады.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауы – еліміздегі ең беделді байқаулардың бірі және жыл сайын үздік отандық өндірушілердің басын қосады. Оның басты мақсаты – қазақстандық кәсіпорындарды қолдау, шығарылатын өнімнің сапасын арттыру және отандық брендтерді ілгерілету. Жеңімпаздар «Үздік азық-түлік тауарлары», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациялары бойынша анықталады», – деді Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мүсілманбек.

Көрмемен қатар келушілерге мерекелік бағдарлама әзірленген. Әрбір келуші лотереяға тегін қатысып, бағалы сыйлықтардың иегері атануға мүмкіндік алады.

Іс-шара отандық тауар өндірушілерді қолдау аясында Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен, жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен өткізіледі