Астанада VIII Халықаралық жас геологтардың далалық олимпиадасы басталды
Астанада Қазақстан мен жақын шетелдерден келген геология ғылымына қызығушылық танытатын мектеп оқушыларын біріктірген VIII Халықаралық жас геологтардың далалық олимпиадасы өтуде.
Олимпиада 2026 жылғы 4–12 шілде аралығында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті мен Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылуда.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – жастарға кәсіби бағдар беру, геология ғылымын насихаттау, дарынды оқушыларды анықтап, қолдау көрсету, сондай-ақ жер қойнауын ұтымды пайдалану, геоэкология және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қызығушылықты арттыру.
Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Төрағасы Қанат Шарлапаев қатысып, олимпиада қатысушыларына жылы лебізін арнады. Ол геология және тау-кен өнеркәсібі салалары үшін жаңа буын мамандарын даярлаудың маңыздылығын атап өтіп, адами капиталды дамыту ел экономикасының орнықты өсімін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі екенін айтты.

Іс-шараны «Жас геолог» корпоративтік қоры Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен (физика-математика бағыты, НЗМ Астана-Нұра) бірлесіп ұйымдастыруда. 2014 жылы құрылған қор жас геологтар қозғалысын дамытуға, еліміздің барлық өңірлерінде жас геологтар үйірмелерінің желісін кеңейтуге және геологиялық барлау саласына болашақ мамандарды даярлауға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді.
Биылғы олимпиадаға Қазақстанның өңірлерінен іріктелген 10 үздік команда құрамындағы 140 оқушы, сондай-ақ Беларусь, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Өзбекстаннан келген командалар қатысуда.


Бір апта бойы қатысушылар геология мамандығының нақты еңбек жағдайларына барынша жақындатылған ортада өздерінің теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын көрсетеді. Бағдарламаға геологиялық маршруттардан өту, геологиялық нысандарды сипаттау, минералогия, петрография, палеонтология, гидрология, магнитометрия, шлихтық сынама алу, мұнай-газ геологиясы бойынша жарыстар, геологиялық есеп дайындау, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып далалық лагерь ұйымдастыру кіреді.

Олимпиаданы мемлекеттік органдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, білім беру ұйымдары мен бизнес қауымдастығының қолдауы геология ғылымын дамытуға және экономиканың стратегиялық маңызды салалары үшін білікті кадрлар даярлаудың маңыздылығын айқындай түседі.
VIII Халықаралық жас геологтардың далалық олимпиадасының серіктестері мен демеушілері қатарында «ҚазМұнайГаз», Kazakhmys, Kazzinc, Yer-Tai, ERG, KAZ Minerals, SGS, ProLabSupport және «Техноарт» компаниялары бар. Сонымен қатар іс-шараны ұйымдастыруға Астана-Нұра Назарбаев зияткерлік мектебі, Семей қаласындағы Геологиялық барлау колледжі, Kazakhmys Barlau, Satbayev University, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Qazaq Geophysics, ERG Exploration және 1aid.kz елеулі қолдау көрсетті.
Халықаралық жас геологтардың далалық олимпиадасы геолог мамандығын дәріптеуге, жастардың жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын арттыруға және Қазақстанның минералдық-шикізат кешені үшін болашақ кадрлық резервті қалыптастыруға ықпал етеді.