Қызылордада жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында офтейк келісімдерге арналған дөңгелек үстел өтті

08.07.2026
Қызылордада жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында офтейк келісімдерге арналған дөңгелек үстел өтті

Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасында «Офтейк келісімдер: Жергілікті өндірушілерге жаңа мүмкіндік» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараға «Қазгермұнай» БК» ЖШС басшылығы мен өкілдері, өңірлік кәсіпкерлер, жергілікті тауар өндірушілер мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.

Жиын барысында жергілікті өндірісті дамыту, импортты алмастыру, өңірлік өнімдердің үлесін арттыру және отандық кәсіпорындардың ірі компаниялардың сатып алуларына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Қатысушылар офтейк келісімдердің жергілікті өндірушілер үшін ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға және өндірісті дамытуға беретін мүмкіндіктеріне тоқталды.

Кездесуде сөз сөйлеген «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директоры Ерсейіт Қайыпов кәсіпорын үшін отандық өндірісті дамыту стратегиялық басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, серіктестік сапалы өнімді сатып алумен қатар, қазақстандық өндірушілермен ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестік орнатуға мүдделі. Сондай-ақ, бұған дейін шетелден жеткізіліп келген өнеркәсіптік өнімдерді отандық тауарлармен алмастыру бағытындағы жұмыстар жалғасатыны жеткізілді.

Дөңгелек үстелде «Қазгермұнай» БК» ЖШС мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, жергілікті өндірушілердің сатып алуларға қатысуын кеңейту, өндірісті жергіліктендіру және импортты алмастыруды дамыту бағыттары жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар кәсіпкерлерге серіктестіктің сатып алу қызметі туралы ақпарат беріліп, импортты алмастыру пулы таныстырылды, өңір кәсіпорындарының өндірістік әлеуеті бағаланып, жаңа өнім түрлерін игеру мүмкіндіктері мен сатып алуларға қатысуға кедергі келтіретін мәселелер талқыланды.

ҒАЛЫМ ПРЕКЕШОВ – «Қазгермұнай» БК» ЖШС Сатып алу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары: ««Қазгермұнай» компаниясы Қызылордада офтейк-келісімшарттардың жаңа бағдарламасын таныстырып отыр. Біз тауар өндірушілер пулына енген жергілікті өндірушілермен ешқандай конкурс өткізбей, бір көзден сатып алу тәсілі арқылы 5 жылға дейінгі мерзімге офтейк-келісімшарттар жасауға дайынбыз. Бүгінде тауар өндірушілер пулында жалпы құны 5 жылға шамамен 840 миллион теңгені құрайтын 200 түрлі өнім ұсынылған. Біз жергілікті тауар өндірушілерді осы өнімдерді шығаруға шақырамыз. Бұл тәжірибе Қазақстанда соңғы үш жыл бойы табысты жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның тағы бір маңызды ерекшелігі – Қызылорда облысының тауар өндірушілері «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен өз өнімдерін еліміздегі басқа да кәсіпорындарға өткізу мүмкіндігіне ие болады»

Серіктестік машина жасау, металл конструкциялары, құбыр және кабель өнімдері, электр техникалық жабдықтар, химия өнеркәсібі өнімдері, жеке қорғаныс құралдары, құрылыс материалдары және мұнай-газ саласына қажетті өзге де өнеркәсіптік өнімдерді өндірушілермен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдіретінін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар мұндай кездесулер жергілікті өндірушілер мен ірі өндірістік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа офтейк келісімдердің жасалуына және өңірдегі өндірісті дамытуға оң ықпал ететінін атап өтті.

Іс-шара соңында Журналистер күніне орай Палатаның қызметін ақпарат кеңістігінде кеңінен насихаттап жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.