Ұлттық палата «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның тәуелсіз директорлар институтын дамыту жөніндегі бастамаларын қолдайды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы корпоративтік басқарудың үздік халықаралық тәжірибелерін енгізуге және тәуелсіз директорлардың рөлін күшейтуге бағытталған «Бәйтерек» холдингінің бастамаларын қолдайды.
Корпоративтік басқаруды жетілдіру және тәуелсіз директорлар институтын дамыту мәселелері мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, бизнес пен сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктіретін «Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы корпоративтік басқару жөніндегі Ұлттық кеңестің басты назарында. Кеңес елімізде корпоративтік басқаруды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстар әзірлеумен айналысады.
Корпоративтік басқару жөніндегі Ұлттық кеңестің төрағасы Қамбар Омаров «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның тәуелсіз директор Ким Кевин Гваглинді «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ директорлар Кеңесінің Төрағасы етіп сайлау жөніндегі бастамасы елімізде корпоративтік басқаруды жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға толық сәйкес келетінін атап өтті.
«Ұлттық кеңестің мүшесі болып табылатын «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның өз тәжірибесінде корпоративтік басқарудың үздік қағидаттарын енгізуге және заман талабына сай әрекет етуге бейілділік танытуы – құптарлық жайт. Бүгінде тәуелсіз директорлар институтын дамыту корпоративтік басқару саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 182-бабына енгізілген өзгерістер. Атап айтқанда, заңда мемлекеттің қатысуымен құрылған акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің төрағасы мемлекеттік қызметші бола алмайтыны бекітілді. Бұл норма директорлар кеңесінің тәуелсіздігін арттыруға, қабылданатын шешімдердің объективтілігін қамтамасыз етуге, ықтимал мүдделер қақтығысын азайтуға және ұлттық корпоративтік басқару жүйесін үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкестендіруге бағытталған», - дейді Қамбар Омаров.
«Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы корпоративтік басқару жөніндегі Ұлттық кеңес алаңында тәуелсіз директорлар институтын жетілдіру, оларды іріктеу, даярлау және қызметін бағалау бойынша бірыңғай тәсілдерді бірлесіп әзірлеу, сондай-ақ, корпоративтік басқарудың заманауи стандарттарын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.