Халықаралық сарапшылар Қазақстандағы мемлекеттік сатып алу жүйесін зерделеуде: Ұлттық палатада бизнеске кедергі келтіретін мәселелер талқыланды

10.07.2026
Халықаралық сарапшылар Қазақстандағы мемлекеттік сатып алу жүйесін зерделеуде: Ұлттық палатада бизнеске кедергі келтіретін мәселелер талқыланды

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының (ЕТДҚ) өкілдерімен кездесу өтті. Олар Қазақстанға мемлекеттік сатып алу жүйесін халықаралық MAPS (Methodology for Assessing Procurement Systems) әдіснамасы бойынша бағалау аясында елімізге арнайы келді.

Халықаралық сарапшылар мемлекеттік органдар мен бизнес қоғамдастық өкілдерімен бірқатар консультация өткізіп, қолданыстағы мемлекеттік сатып алу жүйесінің бәсекелестікті дамытуға және кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдай жасауға қаншалықты ықпал ететінін бағалауда.

Кездесу барысында мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Халықаралық сарапшыларды ұлттық заңнаманың бизнес үшін қаншалықты түсінікті әрі болжамды екені, конкурстық құжаттама мен үлгілік шарттардың кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне сәйкестігі, мемлекеттік институттардың тиімділігі, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығы, сондай-ақ кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алуға қатысуына қандай кедергілер бар екені қызықтырды.

Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша төлемдердің уақтылы жүргізілуі, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету, шағымдарды қарау тетіктері, мүдделер қақтығысының алдын алу, сатып алу рәсімдерін цифрландыру, кәсіпкерлерге консультациялық қолдау көрсету және мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі ашықтық пен есептілік қағидаттарын іске асыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Сараптамалық пікір алмасу барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бизнестің мемлекеттік сатып алу жүйесімен өзара іс-қимылының практикалық тәжірибесімен бөлісіп, кәсіпкерлер конкурстық құжаттаманы дайындаудан бастап шарттық міндеттемелерді орындауға дейінгі барлық кезеңдерде кездесетін өзекті мәселелерді көтерді.

«Біз үшін халықаралық сарапшылардың қазақстандық бизнестің практикалық тәжірибесін естіп, одан әрі жетілдіруді қажет ететін нормаларға назар аударуы маңызды», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры – Сатып алуларды реттеу департаментінің директоры Руслан Шоқаев.

Талқылауға ЕТДҚ сарапшысы Тьяго Лейте белсенді қатысып, бірқатар нақтылайтын сұрақ қойды. Ол көтерілген мәселелердің бірқатары Қазақстанға ғана тән емес екенін айтып, мұндай түйткілдер Португалияда да кездесетінін атап өтті. Бұл мемлекеттік сатып алу саласындағы көптеген мәселелердің әмбебап сипатқа ие екенін көрсетеді.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу жүйесін MAPS халықаралық әдіснамасы бойынша бағалау 2026-2027 жылдары жүргізіледі. Бағалау нәтижелері ұлттық мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіруге, реформалардың басым бағыттарын айқындауға, сондай-ақ сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен бәсекелестігін арттыруға арналған талдамалық негіз болады.