12 шілдеден бастап – жаңа ережелер күшіне енді: медициналық бизнеске заңнамадағы өзгерістер түсіндірілді

09.07.2026
12 шілдеден бастап – жаңа ережелер күшіне енді: медициналық бизнеске заңнамадағы өзгерістер түсіндірілді

 

Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасында Әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі салалық кеңестің отырысында 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енетін медициналық қызметті лицензиялау қағидаларына енгізілген өзгерістер жан-жақты талқыланды.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметке лицензия алу және оны сақтау үшін қойылатын біліктілік талаптарын жаңартты. Реформаның негізгі бағыты – денсаулық сақтау саласын цифрландыру.

Жаңа талаптардың күшіне енуіне санаулы күндер қалды. 2026 жылғы 12 шілдеден бастап өңірдегі барлық медициналық ұйымдар міндетті түрде денсаулық сақтау саласының бірыңғай цифрлық кеңістігіне интеграциялануы тиіс. Бұл – заң талаптары, – деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасында

Жаңартылған талаптарға сәйкес, енді лицензия алу үшін денсаулық сақтау субъектісі ресми тіркелген жеткізушінің медициналық ақпараттық жүйесіне ие болуы қажет. Сонымен қатар медициналық ұйымдар мына жүйелерге қосылуы тиіс:

  • Тәуекелдерді басқару жүйесінің жаңа нұсқасы (ТБЖ–2.0);

  • Ұлттық электрондық денсаулық паспорты;

  • Ресми тіркелген барлық медициналық және зертханалық цифрлық жүйелер.

Салалық кеңес отырысында кәсіпкерлерге лицензия алуға үміткерлер үшін міндетті базалық тексеру парағы енді төрт негізгі талаптан тұратыны еске салынды. Олар:

  • санитариялық талаптарға сәйкес келетін үй-жайдың болуы;

  • біліктілігін арттырудан өткен сертификатталған мамандардың болуы;

  • сертификатталған медициналық жабдықтардың болуы;

  • интеграцияланған цифрлық жүйенің болуы.

Лицензия беру және осы талаптардың сақталуын бақылау жұмыстарын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері жүзеге асырады. Мемлекеттік органдар өкілдерінің айтуынша, енгізілген жаңашылдықтар медициналық қызметтер нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге, көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға және пациенттердің денсаулығы туралы мәліметтердің үздіксіз алмасуын қалыптастыруға бағытталған.

Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы жеке медициналық ұйымдар үшін өздерінің ІТ-жүйелеріне аудит жүргізіп, мемлекеттік деректер базаларымен интеграциялау жұмыстарын уақтылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.