ТІЖ және ЭШФ нысандарындағы өзгерістер: ЭШФ АЖ жаңартылуына байланысты бизнес үшін не өзгереді?

13.07.2026
ТІЖ және ЭШФ нысандарындағы өзгерістер: ЭШФ АЖ жаңартылуына байланысты бизнес үшін не өзгереді?

«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесіндегі (бұдан әрі –ЭШФ АЖ) Тауарларға ілеспе жүкқұжат (бұдан әрі – ТІЖ) және электрондық шот-фактура (бұдан әрі – ЭШФ) нысандарының алдағы жаңартылуы туралы хабардар етеді.

Аталған өзгерістерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі – МКК) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Салық кодексінің талаптарына сәйкес әзірледі. Жаңартулар ТІЖ және ЭШФ нысандарын қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге бағытталған.

Бизнес үшін не өзгереді?

ТІЖ нысанында G-G10 бөлімдеріндегі бағандардың нөмірленуі өзгереді. Сонымен қатар G6, G7 және G10 бөлімдеріне міндетті түрде толтырылатын жаңа «Тауар коды» жолы енгізіледі.

ЭШФ нысанында да G бөліміндегі бағандардың нөмірленуі өзгереді. Бұдан бөлек, өнім берушілер санаттарының тізбесі жаңартылады. Атап айтқанда, «В» бөлімінен «Жеке сот орындаушысы», «Медиатор» және «Нотариус» санаттары алынып тасталады. Ал «С» бөлімінен «Адвокат», «Жеке сот орындаушысы», «Медиатор» және «Нотариус» санаттары алынып тасталады.

Тағы бір маңызды өзгеріс деректемелерді толтыру тәртібіне қатысты. Бұған дейін қолданылып келген «Шарт бойынша төлем талаптары» жолының орнына «Есеп айырысу тәсілі» атты жаңа жол енгізіледі. Ол Электрондық шот-фактураларды жазып беру қағидаларына сәйкес толтырылуы тиіс.

ҰКП кәсіпкерлерге енгізілетін өзгерістермен алдын ала танысып, оларды ТІЖ мен ЭШФ ресімдеу кезінде ескеруге кеңес береді. Бұл ЭШФ АЖ-де жұмыс істеу барысында қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, МКК 2026 жылғы 15 мамырда ТІЖ және ЭШФ нысандарын жаңарту жоспарланғаны туралы ақпаратты жариялаған еді.

ТІЖ және ЭШФ нысандарының жаңартылуына қатысты сұрақтар бойынша ҚР ҚМ МКК Цифрландыру департаменті Өтпелі мониторинг басқармасының сарапшысы Жазира Мергеноваға +7 (7172) 71-78-87 телефоны арқылы хабарласуға болады.