«Атамекен» ҰКП-да шағын және орта бизнеске арналған жаңа цифрлық шешімдер және отандық брендтерді ілгерілету мәселелері талқыланды

14.07.2026
«Атамекен» ҰКП-да шағын және орта бизнеске арналған жаңа цифрлық шешімдер және отандық брендтерді ілгерілету мәселелері талқыланды

Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Гүлбану Майғаринаның төрағалығымен ҰКП Төралқасы Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің кезекті отырысы өтті. Жиынға «Атамекен» ҚР ҰКП Аппарат басшысы Нұрбек Нәлқожа, Комитет мүшелері, сондай-ақ Өңірлерді, шағын және орта бизнесті дамыту департаменті өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі басты тақырыптар – кәсіпкерлерге арналған бірыңғай цифрлық өнімді таныстыру, бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысын шығару және өңірлердегі отандық брендтердің аясын кеңейту мәселелері болды.

Жиынның негізгі мәселелерінің бірі ретінде отандық бизнесті қолдау мақсатында әзірленген жаңа цифрлық экожүйе – BusinessGO жобасы таныстырылды. BusinessGO платформасы бес негізгі цифрлық сервисті бір жүйеге біріктіреді: фискалдық деректер операторының (ФДО) қызметі, Green Kassa онлайн-кассасы, GreenMag тауарлық есепке алу жүйесі, Amian маркетингтік бағдарламасы және Green Scan модулі. Осы сервистердің барлығы бір жеке кабинетте шоғырландырылған. Бұл ШОБ өкілдерінің басты мәселесін ؘ– әртүрлі өнім берушілердің IT-жүйелерін қатар қолдану және оларға бөлек-бөлек ақы төлеу қажеттілігін шешуге мүмкіндік береді. Бірыңғай экожүйеге көшу кәсіпкерлерді күрделі техникалық интеграциядан құтқарып, операциялық шығындарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді әрі барлық процесті кез келген құрылғы арқылы нақты осы уақыт режимінде бақылауға жағдай жасайды. Таныстырылым барысында қатысушыларға платформаның негізгі қызметтік мүмкіндіктері, тіркелу және жеке кабинетке кіру тәртібі, кәсіпкерлерге қолжетімді сервистер, сондай-ақ жүйемен жұмыс істеу алгоритмі көрсетілді.

Сондай-ақ, отырыс барысында Өңірлерді дамыту, шағын және орта бизнесті дамыту департаменті осы жылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша есеп берді. Департамент Комитет мүшелеріне атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы ақпарат ұсынып, оның ішінде қаралған 89 нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша дайындалып, мемлекеттік органдарға жолданған 50 сараптамалық қорытынды, заңнамалық бастамаларды сүйемелдеу жұмыстары, сондай-ақ бизнес қоғамдастық өкілдерінен келіп түскен 59 өтінішті қарау нәтижелері туралы баяндады.

Бұдан бөлек, отырысқа қатысушылар KazBrand ұлттық конкурсы аясында Қазақстан өңірлеріне жасалған жұмыс сапарларының қорытындыс талқылады. Жиын барысында өңірлік сапарлардың нәтижелері туралы ақпарат ұсынылып, оның аясында конкурсқа қатысуға әлеуеті бар кәсіпорындардың базасы жасақталғаны, жергілікті жерлерде бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіліп, конкурсқа қатысу шарттары мен кезеңдері егжей-тегжейлі түсіндірілгені айтылды. Бұл конкурстың отандық брендтерді ілгерілетуге, олардың танымалдылығын арттыруға және қазақстандық өндірістің дамуын ынталандыруға септігін тигізетіні атап өтілді.

Талқылау қорытындысы бойынша Комитет мүшелері пікір алмасып, Палатаның бизнес-қоғамдастықпен өзара іс-қимылын одан әрі жетілдіру және ШОБ субъектілерін қолдауға бағытталған жобаларды тиімді іске асыру бойынша нақты ұсыныстар әзірледі.