Қызылордада әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланды

14.07.2026
Қызылордада әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланды

13 шілде күні Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының (КАНО) төрағасы Лейла Куленованың қатысуымен «Әйелдер кәсіпкерлігі. Білім беру – бірлескен шешімдер» тақырыбында өңірлік кездесу өтті.

Кездесуді өңірлік палата директоры Ділмұхамед Абизов жүргізіп, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Сонымен қатар, кездесуге «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Маханов қатысып, кәсіпкерлердің бірқатар сауалдарына жауап берді.

Жиында КАНО төрағасы Лейла Күленова кездесудің негізгі мақсаттары мен міндеттеріне тоқталса, ұйымның атқарушы директоры Наталья Мишукова қауымдастықтың жүзеге асырып жатқан жобалары мен бастамаларын таныстырды.

Сонымен бірге кездесуде мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымдарының құрылтайшылары бас қосты.  Мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің маманы Ақылбек Досжанов түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, мемлекеттік қолдау тетіктері, білім беру сапасын арттыру бағытындағы және балабақшалардың өзекті тақырыптары кеңінен талқыланды.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, өңір кәсіпкерлері өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Айтылған бастамалар заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді іске асыру және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды нығайту бағытында жинақталатын болды.