Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды
Шанхай қаласында «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Қытай халықаралық сауданы дамытуға жәрдемдесу комитеті Шанхай комитетінің (CCPIT Shanghai) Төрағасы Ли Дунмен кездесу өткізді.
Кездесуге Сауда мен инвестицияларды ілгерілету департаментінің директоры Чэнь Хун, Хатшылықтың Бас хатшысы Ван Лэй, Халықаралық байланыстар департаменті директорының орынбасары Чжоу Яньнань және аталған департаменттің Азия бағыты бойынша маманы Цзян Гуаньди қатысты.
CCPIT – Қытайдың халықаралық сауда, инвестиция және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін жетекші ұйымдарының бірі. Ұйым әлемнің 100-ден астам елі мен өңіріндегі сауда-өнеркәсіп палаталарымен, инвестициялық агенттіктермен және бизнес қауымдастықтарымен серіктестік байланыс орнатқан. Сондай-ақ Қытайдың экономикалық дипломатиясының негізгі институттарының бірі ретінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасын іске асыруға белсенді атсалысады.
Кездесуді ашқан Қанат Шарлапаев келіссөздердің Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін Қытай Халық Республикасының жоғары технологиялық компанияларымен дөңгелек үстел қарсаңында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді.
«Шанхай – Қытайдың ең ірі халықаралық қаржы, сауда және технологиялық орталығы. Дәл осы қалада жетекші өнеркәсіптік компаниялар, инновациялық кәсіпорындар және жаһандық жеткізу тізбектері шоғырланған. Сондықтан CCPIT Shanghai ұйымымен ынтымақтастық біз үшін ерекше практикалық маңызға ие», – деді Қанат Шарлапаев.
Ол соңғы жылдары «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен CCPIT арасындағы әріптестік айтарлықтай нығайғанын айтты. Бүгінде «Қытай – Орталық Азия» Іскерлік кеңесі құрылып, ынтымақтастық туралы меморандум жүзеге асырылып келеді, жыл сайын бірлескен бизнес-форумдар өткізіліп, қазақстандық кәсіпорындардың Қытайдағы ірі көрмелерге қатысуы кеңейіп келеді.
Келіссөздер барысында тараптар «Атамекен» ҰКП мен CCPIT Shanghai арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту, Қазақстан мен Қытайдың іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды нығайту және әріптестіктің жаңа форматтарын қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, өнеркәсіптік кооперация, өндірістерді оқшаулау, көлік-логистика инфрақұрылымы, маңызды минералдарды терең өңдеу, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен және «жасыл энергетика» салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Сондай-ақ инвестициялық жобалармен тұрақты алмасу, B2B форматындағы келіссөздерді ұйымдастыру және екі елдің нарығына шығатын компанияларды сүйемелдеу тетіктері қарастырылды.
Келіссөздер барысында CCPIT Shanghai ұйымының Қазақстандағы өкілдігін ашу мәселесі де жан-жақты талқыланды. Тараптардың пікірінше, бұл институционалдық өзара іс-қимылды күшейтіп, екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге, инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің тиімділігін арттыруға және бірлескен жоғары технологиялық бастамаларды іске асыруға тың серпін береді.
Сонымен қатар Қанат Шарлапаев қазақстандық кәсіпорындардың CCPIT Shanghai ұйымдастыратын ірі халықаралық көрмелер мен форумдарға қатысуын кеңейтуді, сондай-ақ отандық бизнесті халықаралық өндірістік тізбектерге тарту бағытындағы ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды.
«Бүгінде Қазақстан Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы маңызды транзиттік әрі өндірістік буынға айналып келеді. Біз қазақстандық кәсіпорындарды қытайлық компаниялар қалыптастырып жатқан халықаралық өндірістік тізбектерге белсенді тартуды, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация мен логистика саласындағы бірлескен жобаларды дамытуды ұсынамыз», – деді Төралқа Төрағасы.
Кездесу қорытындысында тараптар «Атамекен» ҰКП мен CCPIT Shanghai арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, екі елдің іскер қауымдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге, инвестициялар тартуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті жаңа деңгейге көтеретін бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделі екендіктерін растады.