Ақтөбе облысында өңірдің үздік тауар өндірушілері анықталды: тоғыз кәсіпорын "Қазақстанның үздік тауары" республикалық байқауында өңір намысын қорғайды
Ақтөбеде республикалық "Қазақстанның үздік тауары" көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтіп, оған облыстың жетекші тауар өндірушілері қатысты. Байқау қорытындысы бойынша үздік тоғыз кәсіпорын анықталып, олар Астанада өтетін республикалық кезеңде Ақтөбе облысының намысын қорғайтын болады. Байқау дәстүрлі түрде отандық кәсіпорындардың өз өнімдерінің сапасын таныстырып қана қоймай, жаңа іскерлік байланыстар орнатуына, әлеуетті серіктестер табуына және өткізу нарығын кеңейтуіне мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
Көрме-байқаудың ашылу рәсіміне Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Қазақстан Республикасы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Калиғазин, мемлекеттік органдардың, даму институттарының, бизнес қауымдастығының және жұртшылықтың өкілдері қатысты.
Көрмеде өңірдің 30 кәсіпорны өз өнімдерін ұсынды. Келушілер құрылыс индустриясы, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және басқа да салалардың өнімдерімен танысып, тауарларды өндірушілерден тікелей зауыттық бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Байқау комиссиясының бағалау қорытындысы бойынша жеңімпаздар үш аталым бойынша анықталды.

"Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар" аталымында заманауи экологиялық дыбыс оқшаулағыш материалдар шығаратын "КазТермоГрупп" ЖШС, машина жасау, мұнай-газ, энергетика және химия салаларына арналған өнім өндіретін "Alash engineering technology" ЖШС, сондай-ақ Ақтөбе облысындағы керамикалық плитка мен керамогранит өндіретін ірі зауыт "Зерде-Керамика Ақтөбе" ЖШС жеңімпаз атанды.
"Халыққа арналған үздік тауарлар" аталымында әлемдік деңгейдегі материалдардан сапалы балалар киімін тігетін "Della Home" ЖК, күнделікті сұранысқа ие санитарлық-гигиеналық қағаз өнімдерін өндіретін "Lucrum Star" ЖШС және ұлттық нақыштағы орамалдар мен кәдесыйлар шығаратын Ainel брендімен танымал "Амандос Айнель" ЖК үздік деп танылды.
"Үздік азық-түлік тауарлары" аталымында өңірдегі ең ірі ұн және макарон өнімдерін өндірушілердің бірі "Ново-Альджанский мелькомбинат" ЖШС, QATYQ PREMIUM брендімен сүт өнімдерін ұсынған "ТАУ" агрофирмасы" ЖШС, сондай-ақ мұздатылған бидай өскінінен шырын өндіріп, өнімін шетелдерге экспорттайтын "GREEN VITAMIN" ЖШС жеңімпаз болды.

Жеңімпаздарға дипломдар мен естелік марапаттар табысталып, республикалық кезеңде өңір намысын қорғау құқығы берілді.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірде өндірістік кәсіпкерлікті дамыту басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Бүгінде облыста 83,4 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, оның 78 мыңы тұрақты жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда 173,2 мың адам еңбек етеді.
"Отандық өндірісті дамыту және ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету - мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өндірушілерді қолдау мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Өндірістік секторды нығайту, импортқа тәуелділікті азайту, әкімшілік кедергілерді жою және қаржылық қолдау тетіктерін кеңейту әрдайым күн тәртібінде. Бүгінгі байқаудың басты мақсаты - үздіктерді анықтап қана қоймай, жас кәсіпкерлерге үлгі көрсету, халықтың отандық өнімге деген сенімін арттыру. "Қазақстанда жасалған" бренді сапа мен сенімнің символына айналуы тиіс. Бұл үшін облысымызда барлық қажетті жағдайлар жасалып, мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған", - деді өңір басшысы.

ҚР "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Кәлиғазин де мұндай бастамалардың өңір экономикасы үшін маңызын атап өтті.
"Біздің міндетіміз - кәсіпкерлерге өндіріс әлеуетін ашуға, өнім сапасын арттыруға және жаңа нарықтарға шығуға көмектесу. Осындай бастамалар өңірлік экономиканың дамуына серпін беріп, бизнестің жаңа өсу нүктелерін қалыптастырады", - деді Аслан Қалиғазин.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов байқаудың бизнесті дамыту құралы ретінде өзінің тиімділігін дәлелдегенін айтты.
"Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы "Қазақстанның үздік тауары" байқауын 2014 жылдан бері өткізіп келеді. Осы уақыт ішінде оған өңірдің 200-ден астам кәсіпорны қатысты. Біздің тауар өндірушілер бірнеше рет республикалық кезеңнің жеңімпазы атанып, кейбірі бұдан да жоғары деңгейге көтерілді. Мәселен, "ПО Глобал-Спецодежда" компаниясы байқауға қатысқаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығының лауреаты, кейіннен ТМД сыйлығының лауреаты атанды. Бұл байқаудың отандық өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын көрсетеді. Біз алдағы уақытта да бизнес ахуалды жақсарту, импортқа тәуелділікті төмендету және жергілікті өндірушілерді қолдау бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз. Өйткені қуатты экономика - мықты отандық кәсіпорындардан басталады", - деді ол.

Іс-шара аясында кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары таныстырылған панельдік сессия өтті. "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ, "Ақтөбе" ӘКК" АҚ, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ, "ҚазАгроҚаржы" АҚ және Әділет департаментінің сарапшылары бизнесті қаржыландыру құралдары, тауар белгілерін тіркеу және отандық өндірушілерді қолдау тетіктері туралы ақпарат берді.

Сонымен қатар жергілікті шикізаттан өндірілген өнімдерді дамытуға және өңірлік брендтерді ілгерілетуге бағытталған "Бір ауыл - бір өнім" өңірлік көрмесі ұйымдастырылды.
"Біздің өнім түрлеріне айран, сүт, сүзбе, құрт және қаймақ сияқты дәстүрлі сүт өнімдері кіреді. Ал бүгін "Қазақстанның үздік тауары" көрмесінде жаңа өніміміз - "QATYQ PREMIUM"-ды ұсынып отырмыз. Бұл - термостаттық әдіспен дайындалатын, қоректік қасиеттері мен пайдалы микроэлементтері толық сақталатын піскен сүттен жасалған ерекше өнім. Мұндай технологияны бұл салада көп кәсіпорын қолданбайды, сондықтан оны зауытымыздың авторлық технологиясы деп санаймыз. Осындай байқауға қатысу компаниямыздың беделін нығайтып, тұтынушыларды өнімдерімізбен кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз", - деді биыл құрылғанына 10 жыл толған "ТАУ" агрофирмасы" ЖШС компаниясының маркетологы Айгерім Тоқмурзина.


