Экспорттық тауарлардың шығу тегі сертификаттары: бизнес нені білуі керек?
«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «QazTrade» АҚ бірлесіп қазақстандық экспорттаушыларға арналған тауарлардың шығу тегі сертификаттарын рәсімдеу және оларды алу тәртібіне арналған семинар өткізді.
Семинарға сыртқы нарыққа шығуға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүдделі 135-тен астам қазақстандық өндіруші және экспорттаушы компанияның өкілдері қатысты.
Сыртқы сауда көлемінің артуы жағдайында тауардың шығу тегін растайтын сертификаттарды дұрыс рәсімдеу отандық кәсіпорындардың халықаралық нарыққа шығуындағы маңызды факторлардың біріне айналып отыр. Сертификаттың қажетті нысанын дұрыс таңдау, халықаралық келісімдердің талаптарын сақтау және құжаттарды талапқа сай рәсімдеу тарифтік преференцияларды пайдалануға, кедендік рәсімдерден кедергісіз өтуге және өнімді шетелдік серіктестерге уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді.
Семинар барысында мамандар қатысушыларға шығу тегі сертификаттарының қолданыстағы нысандары, оларды экспортталатын елге қарай қолдану тәртібі, Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық сауда келісімдерінің талаптары жөнінде жан-жақты түсіндірме берді.
Сондай-ақ өтінім беру тәртібі, қажетті құжаттар тізбесіне ерекше назар аударылды. Сарапшылар экспорттық жеткізілімдер барысында туындауы мүмкін тәуекелдерді азайтуға бағытталған практикалық ұсынымдарымен бөлісті.
Семинар қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП өкілдері мұндай оқыту іс-шаралары кәсіпкерлерден кері байланыс алуға, экспорт саласындағы өзекті мәселелерді анықтауға және отандық экспорттаушыларды қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мұндай семинарлар сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың кәсіби құзыретін арттырып, қазақстандық компаниялардың халықаралық нарықтағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануына ықпал етеді.