Даму бағыты – бизнес пен мемлекеттің әріптестігі: Аслан Калигазин ақтөбелік кәсіпкерлермен кездесті
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында отандық бизнесті қолдау тетіктерін күшейту, инвесторлар мен экспорттаушыларды сүйемелдеудің жаңа механизмдері, сондай-ақ бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында Аслан Қалиғазин Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық палата инвестициялық бағыттағы жұмысын едәуір күшейтіп жатқанын атап өтті. Үкіметтің шешімімен ҰКП отандық инвесторларды жобаның идеясынан бастап өндірісті іске қосуға дейін сүйемелдейтін бірыңғай терезе ретінде айқындалды. Сенат бұл өкілеттіктерді заңнамалық тұрғыдан бекітуді қолдады. Енді ҰКП инвестициялық жобаларға қатысты проблемалық мәселелерді артық бюрократиялық кедергілерсіз Ұлттық инвестициялық қызмет орталығының қарауына тікелей шығара алады. Сондай-ақ экспорттық әлеуетті дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Аслан Қалиғазин кәсіпкерлерге BusinessGo цифрлық платформасының мүмкіндіктерін таныстырды. Оның айтуынша, бұл сервис мемлекеттік қолдау шараларын, сервистік қызметтерді, білім беру бағдарламаларын және кәсіпкерлікті дамыту құралдарын біріктіріп, қажетті қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша қолжетімді етеді.
Ашық диалог барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған бірқатар мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды.

Өңірлік кеңес мүшелерімен кездесуден кейін Аслан Қалиғазин кәсіпкерлерді жеке қабылдады. Кездесу барысында Ұлттық тауарлар каталогын енгізу, адамдар көп жиналатын нысандарды міндетті сақтандыру, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуіне байланысты лизинг шарттарын өзгерту, «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу жүйесін жетілдіру және құрылыс саласындағы құқық қолдану тәжірибесіне қатысты мәселелер көтерілді. Әрбір өтініш бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен және ҰКП орталық аппаратымен бірлесіп пысықтау тетіктері айқындалды.
Кездесу қорытындысында Аслан Калигазин кәсіпкерліктің тұрақты дамуы бизнес пен мемлекет арасындағы тұрақты диалог арқылы ғана мүмкін екенін атап өтті.
«Тиімді шешімдер кабинетте емес, тұрақты диалог барысында қабылданады. Біздің ортақ міндетіміз – кәсіпкер әр кезеңде нақты қолдауды сезінуі. Ең бастысы – бизнес үдерісті емес, ортақ жауапкершілікпен қол жеткізілген нақты нәтижені көруі тиіс», – деп түйіндеді Аслан Қалиғазин.
Айта кетейік, бұдан кейін Қазақстанның Даму банкі, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы, QazTrade және Өнеркәсіпті дамыту қоры басшылығының қатысуымен өңір кәсіпкерлерімен кездесу өтеді.


