Ақтөбе кәсіпкерлеріне экспорт пен өнеркәсіпті қолдау құралдары таныстырылды
Ақтөбеде ҚР ҰКП "Атамекен" Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазиннің өңір кәсіпкерлерімен кездесуі өтті. Ашық диалогқа еліміздің негізгі даму институттарының - "Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" АҚ, "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ және "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ басшылары қатысты. Кездесудің негізгі тақырыбы мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары, инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері және шикізаттық емес экспортты дамыту мәселелері болды.
Кездесуді ашқан Аслан Қалиғазин бүгінде Қазақстан алдында экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайту міндеттері тұрғанын атап өтті. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін "Атамекен" ҰКП, Қазақстанның Даму Банкі, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі және QazTrade өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, күш біріктірді. Бұл кәсіпкерлерге даму институттарының үйлестірілген жұмысы аясында қаржылық, сақтандыру, консультациялық және экспорттық қолдау құралдарын кешенді түрде пайдалануға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында қатысушылар отандық өндірушілер бүгіннің өзінде пайдалана алатын практикалық құралдарға ерекше назар аударды.

"Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" АҚ басқарушы директоры Эльдар Қуанбаев отандық экспорттаушыларды қолдау құралдарын таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде бизнес экспорттық келісімшарттарды сақтандыру, айналым қаражатын толықтыруға арналған экспорт алдындағы қаржыландыру, кепілдік қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда несиелерді сақтандыру, сондай-ақ өнім жөнелтілгеннен кейін төлемді бірден алуға мүмкіндік беретін саудалық қаржыландыру құралдарын пайдалана алады. Сонымен қатар, кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау шараларына өтінім беру және шетелдік серіктестерді іздеу бойынша цифрлық сервистер қолжетімді.
"Қазақстанның Даму Банкі" АҚ басқарушы директоры Нариман Қожағұлов қатысушыларды Банктің қаржылық құралдарымен таныстырды. Ол инвестициялық жобаларды тікелей несиелеу және бірлесіп қаржыландыру, экспорттық және саудалық қаржыландыру, кепілдік беру құралдары, сондай-ақ Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жүзеге асырылатын лизингтік тетіктер туралы айтып берді. Сонымен қатар, жобаларға қойылатын талаптар мен банктің жеке кабинеті арқылы өтінім берудің толық цифрландырылған үдерісіне ерекше назар аударылды.
Онлайн форматта "QazTrade" АҚ Экспорттық акселерация департаментінің директоры Әлімжан Омаров шикізаттық емес экспортты қолдау шаралары туралы баяндады. Кәсіпкерлерге экспорттық акселерация бағдарламалары, сауда-экономикалық миссиялар, QazMade цифрлық B2B-платформасының мүмкіндіктері, сондай-ақ халықаралық көрмелерге қатысуға, өнімді сертификаттауға, брендтерді ілгерілетуге және тауарларды сыртқы нарықтарға тасымалдауға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу тетіктері таныстырылды.

Баяндамалардан кейін ашық сұрақ-жауап сессиясы өтті. Кәсіпкерлер даму институттарының өкілдерімен жаңа өндірістерді қаржыландыру, экспорттық қолдау алу, өнімді шетел нарықтарына шығару және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, бизнеске мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары бойынша нақты практикалық түсіндірулер алуға мүмкіндік берді.
Кәсіпкерлер кездесудің практикалық маңызын жоғары бағалады. Олардың айтуынша, бірнеше даму институтынан бір алаңда түсіндірме алу уақытты үнемдеуге және нақты жобаға ең қолайлы мемлекеттік қолдау шараларын таңдауға мүмкіндік береді. Әсіресе экспорттық сақтандыру, жеңілдетілген қаржыландыру және өнімді шетелде ілгерілетуге жұмсалған шығындарды өтеу мәселелері үлкен қызығушылық тудырды.


