«Атамекен» ҰКП алаңында Ресейдің ТЖАР жүйесін енгізу және Қазақстан-Ресей саудасындағы өзекті мәселелер талқыланды
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Ресей Федерациясында тауар жеткізуді алдын ала растау жүйесін (ТЖАР) енгізу мәселелері мен Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті бағыттарына арналған жұмыс кездесуі өтті.
Кездесуге «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов, Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, Ресей Федерациясының Статс-хатшысы – Қаржы министрінің орынбасары Алексей Сазанов, Ресей Федерациясы Федералдық салық қызметінің өкілдері, Қазақстанның мемлекеттік органдары, салалық қауымдастықтар мен қазақстандық бизнес өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан Тимур Жаркенов ТЖАР жүйесін енгізу мәселесі қазақстандық кәсіпкерлер үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес көтеріп отырған барлық мәселелерді жүйелі түрде жинақтап, мемлекеттік органдармен және ресейлік әріптестермен тұрақты диалог жүргізіп келеді. Біздің басты мақсатымыз – жаңа тетіктерді енгізу барысында кәсіпкерлер үшін артық әкімшілік кедергілердің туындауына жол бермеу және өзара сауданың тұрақтылығын қамтамасыз ету», – деді Тимур Жаркенов.
Кездесу барысында Ресей Федерациясының Федералдық салық қызметінің өкілдері ТЖАР жүйесінің жұмыс істеу тәртібі, тауардың алдағы жеткізілімі туралы құжатты рәсімдеу, цифрлық платформаның мүмкіндіктері және оны қолданудың практикалық аспектілерімен таныстырды.
Сондай-ақ бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының және «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде әзірленген ТЖАР жүйесіне қатысты Ресей тарапының алдын ала түсіндірмелері ұсынылды. Бұл ақпаратты «Атамекен» ҰКП Экономикалық интеграция департаментінің басқарушы директоры – директоры Әлнұр Данишев таныстырды.

Жиынның негізгі бөлігі бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен ашық пікірталасқа арналды. Салалық қауымдастықтар мен кәсіпкерлер қазақстандық компанияларды ТЖАР жүйесіне қосу, электрондық цифрлық қолтаңба алу және қатысушыларды тіркеу, ақпараттық жүйелерді интеграциялау, тауарларды алдағы жеткізу туралы құжатты (ДОПП) рәсімдеу үдерісін автоматтандыру, мәліметтерді түзету, қамтамасыз ету төлемін қолдану, электрондық сауда мен маркетплейстердің жұмыс істеу ерекшеліктері, тауарларды таңбалау жүйесінің қызметі, сондай-ақ халықаралық автомобиль тасымалдарына қатысты бірқатар практикалық мәселелерді көтерді.
ТЖАР жүйесінің жұмыс істеуіне қатысты мәселелерден бөлек, қатысушылар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өзара сауда барысында туындайтын көлік-логистика саласы және электрондық сауда субъектілерінің мүдделеріне қатысты өзекті мәселелерді талқылады
Ресей Федерациясының Статс-хатшысы – Қаржы министрінің орынбасары Алексей Сазанов Ресей тарапының қазақстандық әріптестермен және бизнес қауымдастықпен конструктивті ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін атап өтті.

«ТЖАР жүйесін енгізу сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін барынша түсінікті әрі ашық болуы маңызды. Кәсіпкерлер тарапынан көтерілген барлық ұсыныстар мен мәселелер бірлескен жұмыс аясында мұқият қаралады», – деді Алексей Сазанов.
Кездесу қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің ұсыныстарын жинақтап, Қазақстан мен Ресейдің уәкілетті мемлекеттік органдарымен бірлесіп қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелер бойынша жұмысты жалғастырады.
«Атамекен» ҰКП тұрақты негізде бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты қамтамасыз етіп, кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды, сыртқы экономикалық қызметтегі кедергілерді азайтуға бағытталған ұсыныстар әзірлейді және Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара сауда мен экономикалық интеграцияның дамуына ықпал етеді.