Ақтөбеде «Бір ауыл-бір өнім» жобасының өңірлік кезеңінің қорытындысы шығарылды

15.07.2026
Ақтөбеде «Бір ауыл-бір өнім» жобасының өңірлік кезеңінің қорытындысы шығарылды

Ақтөбеде «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы аясында төртінші рет «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрмесі өтті. ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Атамекен» бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба өңірдегі әлеуеті жоғары өндірушілерді анықтауға, жергілікті шикізатты терең өңдеуді дамытуға және бәсекеге қабілетті өңірлік брендтерді қалыптастыруға бағытталған. Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен ҚР «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин болды. 

Көрменің маңызды сәттерінің бірі – марапаттау рәсімі болды. Аслан Қалиғазин сарапшылар комиссиясының жоғары бағасына ие болған 20 жартылай финалистке дипломдар табыстады. Енді бұл кәсіпкерлер өз жобаларын өңірлік бренд комитетінің алдында қорғап, финалға жолдама үшін бақ сынайды. 

«"Бір ауыл – бір өнім" жобасы – жергілікті бірегей өнімді танымал брендке айналдырудың тиімді мүмкіндігі. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлерге өндіріс әлеуетін ашуға, өнім сапасын арттыруға және жаңа нарықтарға шығуға қолдау көрсету. Осындай бастамалар өңір экономикасының дамуына серпін беріп, бизнестің жаңа өсу нүктелерін қалыптастырады», – деді ҚР «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин. 

Изображение

Биыл көрмеге Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарынан келген 50 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды. Көрмеде сүт өнімдері, жартылай фабрикаттар, кондитерлік өнімдер, қолөнер бұйымдары, тоқыма өнімдері, ұлттық нақыштағы әшекейлер және жергілікті шикізаттан дайындалған басқа да тауарлар қойылды. 

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловтың айтуынша, көрме жыл сайын жергілікті өндірушілерді қолдаудың, жаңа серіктестер табудың және тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналып келеді. 

«Кәсіпкерлердің жобаға деген қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Көптеген қатысушылар үшін "Бір ауыл – бір өнім" жобасы өндірісті кеңейтуге, өнімнің танымалдығын арттыруға және жаңа нарықтарға шығуға жасалған алғашқы қадам болып отыр», – деді Дидар Боранқұлов. 

Изображение

Жоба Ақтөбе облысында 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 132 өтінім қабылданып, 97 кәсіпкер көрмеге қатысты. Нәтижесінде 9 финалист анықталды. 

Жобаның басты артықшылығы – кәсіпкерлерге тек танылуға мүмкіндік беріп қана қоймай, нақты қолдау көрсетуінде. Алдыңғы жылдары үш финалист жалпы сомасы 15 млн теңгені құрайтын, әрқайсысы 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттарға ие болды. Бұл олардың өндіріс көлемін ұлғайтып, нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруына мүмкіндік берді. 

«Бір ауыл – бір өнім» көрмесі Ақтөбе облысында жергілікті брендтерді дамытуға зор әлеует бар екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» отандық тауар өндірушілердің тұрақты дамуына және олардың өнімдерінің өңірден тыс жерлерде де кеңінен танылуына жағдай жасауды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

 

Изображение

Жартылай финалистерінің тізімі:

  •  Бижанова Нұргүл ЖК «Бижанова» — Ақтөбе қаласының тұрғыны, тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс істейді, жоғары сапалы ет өнімдерін өндіруге маманданған.

  •  Көшербаев Медет ЖК «Көшербаев» — Ақтөбе қаласының тұрғыны, табиғи, экологиялық таза қымыз өндірумен айналысады.

  • Матбаева Гульмира ЖК «Матбаева Гульмира Валерьевна» — Ақтөбе қаласының тұрғыны, «aqtobe damderi» брендімен шоколадтағы жент өндіреді.

  • Мурзагалиев Жасулан «GAZER» ЖШС жетекшісі — Ақтөбе қаласының тұрғыны, «bizdin.tandau» брендімен сүт өнімдерін өндіреді.

  • Рамазанова Гаухар ЖК «ARUANA»— Ақтөбе қаласының тұрғыны, эко-тоқыма өнімдерін (көрпе, жастық) тігумен айналысады.

  • Жумабекова Гүлжанат   ЖК «Жумабекова» — Әйтеке би ауданының тұрғыны, ешкі сүтінен пайдалы әрі гипоаллергенді сүт өнімдерін өндіруші.

  • Серікқызы Гүлдана — Байғанин ауданының тұрғыны, сүйектен бірегей кәдесый бұйымдарын жасаушы.

  • Таласпаева Гүлнұр — Байғанин ауданының тұрғыны, табиғи ет және сүт өнімдерін өндіруші.

  • Әлиева Айнагүл — Ырғыз ауданының тұрғыны, қой жүннен дәстүрлі бұйымдар жасау шебері.

  • Тюлеубаева Бакытгуль — Қобда ауданының тұрғыны, кондитерлік өнімдерді өндіруші.

  • Мулдашева Асель ЖК «Мулдашева»  — Мәртөк ауданының тұрғыны, құлпынайдан табиғи өнімдер мен десерттер өндіруші.

  • Усенов Айдос ЖК «Grand» — Мәртөк ауданының тұрғыны, жоғары сапалы ұн сорттарын өндіруші.

  • Кенжебаева Гулсим ЖК «Кенжебаева Гулсим Нургалиевна» — Мұғалжар ауданының тұрғыны, табиғи емдік қара сабын өндіруші.

  •  Хайрула Әсел — Мұғалжар ауданының тұрғыны, табиғи киізден бұйымдар жасау шебері.

  • Ахметова Алмагул ЖК «Ахметова»  — Темір ауданының тұрғыны, құлпынайдан табиғи өнімдер мен десерттер өндіруші.

  •  Кусаинова Эльмира — Темір ауданының тұрғыны, теріден көркем бұйымдар жасау.

  • Нұрмағамбетова Жадыра ЖК «Нұрмағамбетова»  — Хромтау ауданының тұрғыны, табиғи, шипалы қымыз өндіруші.

  • Айтжанов Ерболат ЖК «Айтжанов» — Шалқар ауданының тұрғыны, қолдан былғары етік жасау және тігу шебері.

  •  Құдайбергенов Бекет ЖК «Несібе»  — Шалқар ауданының тұрғыны, табиғи емдік шөптерді өндіруші және дайындаушы.

  • Сағынаев Айбек — Шалқар ауданының тұрғыны, балғын ет өнімдерін, табиғи сусындар мен шырындарды өндіруші.

Изображение

 

ИзображениеИзображение