Құқықтық мемлекет Конституциядан басталады: ШҚО кәсіпкерлеріне олардың құқықтарын қорғау туралы айтылды

03.07.2026
Құқықтық мемлекет Конституциядан басталады: ШҚО кәсіпкерлеріне олардың құқықтарын қорғау туралы айтылды

Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың, бизнесті дамытудың және құқықтық мемлекетті нығайтудың негізі ретінде конституциялық құндылықтарға арналған дәріс өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №409 Жарлығымен бекітілген Адам құқықтары және заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарының 41-тармағына сәйкес әзірленген ұсынымдарды орындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі дайындаған Іс-шаралар жоспары жобасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Дәрісті «Шығыс Қазақстан медиация және құқық орталығы «Альтернатива» қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрайымы, Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының өкілі, кәсіби медиатор, тренер-медиатор, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің құқықтану кафедрасының сеньор-лекторы, заңгер әрі Шығыс Қазақстан облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Каленова Ақсана Александровна оқыды.

Кездесу барысында қатысушылар кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғаудың негізін құрайтын негізгі конституциялық қағидаттарды талқылады. Атап айтқанда, заң үстемдігі, меншік құқығын қорғау, заң алдындағы баршаның теңдігі, сот жүйесінің тәуелсіздігі және қолайлы іскерлік ахуалды қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы адам құқықтары мен заңды мүдделерінің басымдығын бекітетіні, ал мемлекеттік органдардың бизнеске деген құрметі, қабылданатын шешімдердің ашықтығы және заңдылық қағидатын сақтау кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тартудың маңызды шарттары екені атап өтілді.

Сондай-ақ адал кәсіпкерлік жүргізу, заңнаманы сақтау, шарттық міндеттемелерді орындау, қызметкерлердің құқықтарын құрметтеу және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік кәсіпкерлердің міндеті ғана емес, сонымен қатар күшті, әділетті әрі құқықтық Қазақстанды қалыптастыруға қосатын үлесі екені айтылды.

 Кездесуде заңдылықты қамтамасыз ету және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудағы прокуратура органдарының рөліне де ерекше назар аударылды. Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы бизнес субъектілерінің конституциялық құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудың жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер қауымдастығының құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалогты дамыту жөніндегі жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады.