Алғашқы еңбек тәжірибесі заңнан басталуы тиіс: ШҚО-да жастардың еңбек құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды
Жаз мезгілі көптеген мектеп оқушылары мен студенттер үшін алғашқы табыс табудың, жаңа таныстықтардың және ересек өмірге алғашқы қадам жасаудың кезеңіне айналады. Дәл осы уақытта еңбек етуге деген ұмтылыс заң талаптарының бұзылуына немесе жас азаматтардың құқықтарының шектелуіне әкелмеуі аса маңызды. Алғашқы еңбек тәжірибесі табысты мансаптың бастамасына айналып, көңіл қалдырудың себебі болмауы үшін не істеу қажет деген мәселе Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасында талқыланды.
Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасымен мұнда «Заң және Тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында дөңгелек үстел өтті. Бір алаңда прокуратура, мемлекеттік органдар, Кәсіпкерлер палатасы, жұмыс берушілер, кәсіпкерлер және қоғамдық ұйымдардың өкілдері бас қосты. Кездесудің басты мақсаты – мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалогты дамыту және кәмелетке толмағандар мен жастардың еңбек құқықтарын сақтау формальды талап емес, жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі мен кемелдігінің көрсеткіші екенін еске салу болды.
Кездесуді ашқан ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова дәл қазіргі жазғы маусымда мыңдаған жас алғашқы кәсіби тәжірибесін алып жатқанын атап өтті.
«Бұл тәжірибе қауіпсіз, заңды әрі жастардың кәсіби дамуына ықпал етуі тиіс. Бүгінгі дөңгелек үстел – заңнама талаптарын түсіндіріп қана қоймай, жұмыс берушілердің күнделікті қызметінде кездесетін нақты мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Қатысушылар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарына ерекше назар аударды. Прокуратура өкілдері кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыру тәртібін жан-жақты түсіндіріп, міндетті түрде жазбаша еңбек шартын жасасу қажеттігін, жұмыс уақытының ұзақтығына қойылатын шектеулерді, сондай-ақ жасөспірімдерді ауыр, зиянды, түнгі және үстеме жұмыстарға тартуға тыйым салынатынын еске салды. Бұл мәселелер талқылаудың негізгі тақырыптарының біріне айналды.
Прокуратура өкілдері жастардың бейресми жұмыспен қамтылуы ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
«Еңбек шарты рәсімделмей жұмыс істеу кәмелетке толмаған азаматты еңбекақысын уақытылы алу, әлеуметтік кепілдіктерге ие болу және өз құқықтарын қорғау мүмкіндігінен айырады. Заң талаптарын сақтау – жұмыс берушінің міндеті ғана емес, оның әлеуметтік жауапкершілігі мен еңбек адамына деген құрметінің көрсеткіші», – деді қадағалау органының өкілі.
Ашық диалог барысында қатысушылар еңбек заңнамасының жиі кездесетін бұзушылықтарын қарастырып, жұмыс берушілердің жауапкершілігін және мұндай жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретін практикалық шараларды талқылады. Кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, мемлекеттік органдар өкілдерімен тәжірибе алмасты.
Кездесуде құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше мән берілді. Өйткені мәселенің салдарын жоюдан гөрі оның алдын алу әлдеқайда тиімді. Сондықтан мұндай кездесулер бизнестің құқықтық сауаттылығын арттыруға және еңбек заңнамасын сақтаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды алаңға айналуда.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, қатысушылар кәмелетке толмағандар мен жастардың еңбек құқықтарын қорғау – мемлекет, жұмыс берушілер және қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Тек бірлескен жұмыс қана кәсіби жолын енді бастап жатқан жастар үшін қауіпсіз, заңды және әділ еңбек жағдайларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.