Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланды
Ақтөбеде «Атамекен» ҚР ҰКП Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің төрайымы, Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының Білім комитетінің жетекшісі Лейла Куленованың қатысуымен өңірлік жұмыс кездесуі өтті. Жиынға Ақтөбе облысы Іскер әйелдер кеңесінің және Өңіраралық әйелдер кәсіпкерлігі кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдарханова, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының дирекциясы, білім беру, денсаулық сақтау басқармаларының, Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері, кәсіпкерлер, салалық бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар қатысты.
Жұмыс кездесуі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп әзірленген 2026–2028 жылдарға арналған цифрлық экономика жағдайында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі тақырыбы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, салалық кәсіпкерлікті дамыту және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу болды.

Кездесуді аша отырып, Лейла Күленова Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитеті бүгінде салалық бастамаларды біріктіру және бизнес пен мемлекет арасындағы сындарлы диалогты қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
«Біздің міндетіміз – әрбір өңір мен әрбір саланың үнін есту. Бизнесті дамыту үшін қандай өзгерістер қажет екенін жергілікті кәсіпкерлер жақсы біледі. Осындай кездесулер барысында айтылған барлық ұсыныстар Комитеттің алдағы жұмысының негізіне айналып, республикалық деңгейде қаралады», – деді Лейла Куленова.
Сондай-ақ ол «Атамекен» ҰКП Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің қызметі туралы айтып, комитеттің нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, әйелдердің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту, мемлекеттік қолдау құралдарын дамыту және салалық бірлестіктермен өзара іс-қимылды нығайту бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді. Бүгінде елімізде 20 өңірден 559 кәсіпкер әйелді біріктіретін салааралық кеңестер жұмыс істейді. Оның ішінде Ақтөбе облысында құрамына 19 кәсіпкер кіретін Әйелдер кәсіпкерлігі жөніндегі салааралық кеңес өз қызметін жүзеге асыруда.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын алдағы лицензиялауға даярлау мәселесі болды. Жекеменшік балабақшалардың өкілдері уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп заңнама талаптарын, лицензиялау рәсімдерін және тәжірибеде туындайтын өзекті мәселелерді талқылады.
Сонымен қатар кәсіпкерлер жеке медицинаны дамыту, санитариялық-эпидемиологиялық талаптар, қаржыландыру құралдарының қолжетімділігі, салықтық әкімшілендіру және әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелерін көтерді.
Кездесу қорытындысы бойынша айтылған барлық ұсыныстар «Атамекен» ҚР ҰКП Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетімен жүйеленіп, Жол картасын одан әрі іске асыру барысында, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау шараларын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу кезінде ескерілетін болады.


