Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі павлодарлық бизнес үшін артықшылық ретінде аталды
Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында индустриялық дамуды бағалау, қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін жүргізу, сондай-ақ «QazIndustry» АҚ жүзеге асырып жатқан қолданыстағы құралдар мен мемлекеттік қолдау шараларының өзекті мәселелері талқыланды.

Кездесуді Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхислам өткізді. Жұмыс сапарымен Павлодар облысына «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ өкілдері келді. Атап айтқанда, индустриялық саясат дирекциясының бас сарапшысы Томирис Қарабалина, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау дирекциясының бас сарапшысы Қалқа Танірбегенова және мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекциясының бас сарапшысы Ясинхан Сайлауқызы қатысты.
Кездесу барысында кәсіпорындардың жабдық сатып алуға жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу мәселесіне және отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктеріне ерекше назар аударылды.

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау дирекциясының бас сарапшысы Қалқа Танірбегенованың айтуынша, Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі – бұл қазақстандық өнімді өндірушілер және олардың өнімдері туралы мәліметтерді қамтитын мемлекеттік ақпараттық жүйе.
«Тізілімнің өзі – отандық тауар өндірушілер үшін үлкен артықшылық. Ол тегін негізде жұмыс істейді. Бұрын қазақстандық тауар өндіруші мәртебесін СТ-KZ сертификаты мен индустриялық сертификат растайтын. Алайда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың орнына Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі енгізілді. Енді отандық тауар өндіруші мәртебесі осы тізілімнен алынған үзінді көшірме арқылы расталады», – деп түсіндірді Қалқа Танірбегенова.
Кездесу соңында спикерлер павлодарлық кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, кәсіпорындарды тізілімге енгізу тәртібін және осы дерекқорда тіркелудің компаниялар үшін беретін артықшылықтарын жан-жақты түсіндірді.
