Моңғолияға тауар экспорттаушыларға арналған «ЕАМ» сертификаты қолжетімді: бизнес нені білуі керек?
2026 жылғы 22 шілдеден бастап Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы Уақытша сауда келісімі күшіне енді.
Құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Моңғолия арасындағы өзара сауданы дамытуға, тауарлардың нарыққа қолжетімділігін кеңейтуге және сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Келісім аясында тауарлардың кең номенклатурасына қатысты тарифтік преференциялар, атап айтқанда импорттық кедендік баждарды төмендету немесе алып тастау көзделген.
Тарифтік преференцияларды пайдалану үшін экспортталатын тауардың шығу тегін құжат жүзінде растау қажет. Мұндай растайтын құжаттардың бірі – «ЕАМ» нысанындағы тауардың шығу тегі сертификаты.
«ЕАМ» сертификатын алу үшін кәсіпкер өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгініп, тауардың шығу тегін растайтын белгіленген құжаттар топтамасын ұсынуы қажет.
Ұсынылған құжаттар қаралып, тауардың Келісімде белгіленген шығу тегін айқындау талаптарына сәйкестігі расталған жағдайда өтініш берушіге «ЕАМ» сертификаты беріледі. Аталған сертификат тауарларды Моңғолия аумағына әкелу кезінде тарифтік преференцияларды қолдануға негіз болады.
«ЕАМ» сертификатын рәсімдеу тәртібі бойынша толық ақпарат алу үшін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына немесе өңірлік кәсіпкерлер палаталарына жүгінуге болады.
ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы Уақытша сауда келісімінің мәтінімен сілтеме арқылы танысуға болады.