«Атамекен» ҰКП: Қазақстан тау-кен металлургиясы саласына инвестиция тарту үшін ең тартымды юрисдикциялардың бірі

22.07.2026
«Атамекен» ҰКП: Қазақстан тау-кен металлургиясы саласына инвестиция тарту үшін ең тартымды юрисдикциялардың бірі

Астанада Қытай түсті металдар өнеркәсібі қауымдастығының ұйымдастыруымен Қытай–Қазақстан түсті металдар өнеркәсібін тұрақты дамыту форумы өтті.

Форум инвестициялық ынтымақтастық, минералды-шикізат ресурстар саласын дамыту, заманауи технологияларды енгізу және Қазақстан мен Қытай арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылау алаңы болды.

Изображение

Форум қатысушылары алдында сөз сөйлеген «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директоры – ТМК департаментінің директоры Рустам Шунтуков Қазақстан қазіргі таңда жер қойнауын пайдалану және тау-кен-металлургия саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға ең тартымды юрисдикциялардың бірі екенін атап өтті. Бұл ірі минералды-шикізат ресурс әлеуеті, дамыған өнеркәсіптік база, жоғары білікті кадрлар және инвестициялық ахуалды жетілдіруге бағытталған тұрақты мемлекеттік саясаттың үйлесімі арқасында мүмкін болып отыр.

Изображение

Оның айтуынша, Қазақстанда шамамен 10 мың пайдалы қазба кен орны бар, оның ішінде қатты пайдалы қазбалардың елеулі қоры, сондай-ақ сирек кездесетін металдардың перспективалы ресурстары шоғырланған. Атап айтқанда, вольфрам қоры 2,4 млн тонна, молибден – 1 млн тонна, литий – 226,9 мың тонна, берилий – 117,5 мың тонна және ниобий – 27,2 мың тонна. Бұл ресурстық база ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және жаңа өндірістерді дамытуға берік негіз қалыптастырады.

Сондай-ақ, Rio Tinto, Fortescue, Arras Minerals, East Star Resources, Pallas Resources, Sarytogan Graphite секілді әлемнің жетекші компанияларының Қазақстан нарығына келуі халықаралық бизнестің еліміздің инвестициялық ахуалына деген жоғары сенімінің айқын дәлелі екенін атап өтті.

Сонымен қатар, саланы дамытудың алдағы басымдықтарына да ерекше тоқталды.

«Егер бұрын жүргізілген реформалар қазіргі заманғы инвестициялық ортаны қалыптастыруға бағытталған болса, бүгінде Қазақстан алдында дамудың келесі кезеңі басталды. Ол шикізатты терең өңдеуге, жоғары қосылған құны бар өндірісті дамыту мен ел ішінде толыққанды өндірістік тізбектерді қалыптастыруға көшу кезеңі. Мемлекеттік өнеркәсіптік саясат дәл осы мақсаттарға бағытталған», – деді Р.Шунтуков.

Ол осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстан заманауи технологияларды, өндірістік құзыреттерді және халықаралық тәжірибені тартуға мүдделі екенін, шетелдік серіктестерді инвестициялық жобаларды іске асыруға, өндірістерді жергіліктендіруге, бірлескен кәсіпорындар құруға және отандық бизнеспен технологиялық әріптестікті дамытуға шақырды.

Форумға қатысушылар түсті металлургия саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын одан әрі дамыту әлеуетінің жоғары екенін атап өтіп, жоғары технологиялы өндірістерді дамытуға және өнеркәсіптік кооперацияны нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.

Изображение

«Атамекен» ҰКП мұндай ынтымақтастық үшін сенімді алаң болуға, серіктестер табуға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге әрқашан дайын.