Атырау кәсіпкерлеріне «Ақжайық» резерватының туристік әлеуеті таныстырылды

23.07.2026
Атырау кәсіпкерлеріне «Ақжайық» резерватының туристік әлеуеті таныстырылды

Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты кәсіпкерлерге арналған таныстыру экскурсиясын ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді резерват аумағында экологиялық және ішкі туризмді дамыту бағытындағы ынтымақтастыққа тарту.

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты 2009 жылы Жайық өзенінің және Каспий теңізіне жалғасатын жағалау аумағының бірегей экожүйесін сақтау мақсатында құрылған. Жалпы аумағы 111,5 мың гектарды құрайтын резерват халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарды қамтиды. Бұл аумақ жүздеген құс, балық және өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің өзге де өкілдерінің мекені болып табылады. 2014 жылы «Ақжайық» биосфералық резерваты ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілді. Бүгінде мұнда табиғатты қорғау қызметімен қатар экологиялық ағарту және экологиялық туризм бағыттары да қарқынды дамып келеді.

Экскурсия барысында қатысушылар балық өтетін канал аумағын аралап, әуесқойлық-спорттық балық аулауды дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар, нысанның табиғи және туристік әлеуетімен танысты.

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Балымгүл Измұханованың айтуынша, мұндай кездесулер табиғат қорғау мекемесі мен бизнес қауымдастығы арасындағы тиімді өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.

«Іс-шараның басты мақсаты – кәсіпкерлерді "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерваты аумағында туризмді дамыту бағытындағы ынтымақтастыққа тарту. Бұл жұмысты біз Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жүргізіп келеміз. Ол үшін алдымен резерват аумағын көрсетіп, мүмкіндіктерімізді таныстырып, кәсіпкерлердің ұсыныстары мен идеяларын тыңдап, пікір алмасу маңызды. Бұған дейін біз су бағыты бойынша экскурсия ұйымдастырсақ, бүгін қатысушыларды әуесқойлық-спорттық балық аулауды дамытуға болатын балық өтетін канал аумағымен таныстырдық. Туристерге арналған инфрақұрылымды дамыту, демалыстың түрлі бағыттарын ұйымдастыру мәселелерін талқылап, кәсіпкерлерді алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуге шақырдық», – деді Балымгүл Измұханова.

Кәсіпкерлер экологиялық туризмді, ішкі туризмді және табиғат аясындағы демалысты дамытуға қызығушылық танытты. Кездесу барысында олар өз идеялары мен бастамаларын ұсынып, резерват өкілдері бұл ұсыныстарды әрі қарай қарастыру үшін басшылыққа жеткізуге уәде берді.

Қатысушылар ерекше қорғалатын табиғи аумақта кәсіпкерлік қызметті жүргізудің заңнамалық реттелуі мәселелеріне де ерекше назар аударды.

Осыған байланысты тараптар дөңгелек үстел өткізуді жоспарлап отыр. Онда резерват, Кәсіпкерлер палатасы және бизнес өкілдері бірлескен жобаларды іске асырудың құқықтық тетіктері мен алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын жан-жақты талқылайтын болады.

Изображение