«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев «SG Brick» және «SG Beton» зауыттарының жұмысымен танысты

23.07.2026
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев «SG Brick» және «SG Beton» зауыттарының жұмысымен танысты

«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Аршалы ауданында орналасқан «SG Brick» және «SG Beton» зауыттарына барды.

Сапар барысында Палата басшысы кәсіпорындардың өндірістік қуатымен, технологиялық үдерістерімен, шығарылатын өнім түрлерімен және өндірісті одан әрі дамыту жоспарларымен танысты.

Изображение

«SG Beton» зауыты 2022 жылдың шілде айында пайдалануға берілді. Бүгінде кәсіпорын Қазақстандағы темірбетон бұйымдарын шығаратын ең ірі өндіріс орындарының бірі. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 456 мың сызықтық метр темірбетон қадалары мен 421 мың метр жабын плиталарын құрайды.

Кәсіпорында шикізатты өндіруден бастап дайын өнімді өндіру, сақтау және өткізуге дейінгі толық өндірістік цикл қалыптасқан. Заманауи еуропалық жабдықтар қолданылады, жеке зертхана мен шикізат базасы жұмыс істейді. Мұнда тұрғын үй, коммерциялық және өнеркәсіптік құрылысқа арналған жабын плиталары, қағылмалы қадалар, арқалықтар және баспалдақ марштары өндіріледі.

Изображение

Сондай-ақ, Қанат Шарлапаев 2022 жылдың шілде айында іске қосылған «SG Brick» зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын Орталық Азиядағы керамикалық құрылыс материалдарын шығаратын ірі өндіріс орындарының бірі. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 млн керамикалық кірпіш, тәулігіне 330 мыңға дейін кірпіш және 200 мыңға дейін клинкерлік төсемтас өндіруге мүмкіндік береді.

Зауытта шикізатты өндіруден бастап дайын өнімді буып-түю, сақтау және өткізуге дейінгі толық өндірістік цикл жолға қойылған. Өндірісте заманауи еуропалық технологиялар пайдаланылады, жеке зертхана мен шикізат базасы да жұмыс істеп тұр.

Изображение

Өнім түрлеріне керамикалық кірпіш, қаптамалық кірпіш, клинкер кірпіші, керамикалық блоктар және клинкерлік төсемтас кіреді.

«SG Brick» зауыты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамаларына белсенді қатысып келеді. 2023 жылы кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік финалистері қатарына енсе, биыл Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына қатысуға өтінім берген.

Изображение

Сапар қорытындысында Қанат Шарлапаев құрылыс индустриясының тұрақты дамуы үшін заманауи өндірістердің рөлі ерекше екенін, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және нақты сектор кәсіпорындарын қолдау «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.