Қарағанды облысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 10 финалисі анықталды
Қарағанды облысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік кезеңіне қатысатын үздік он финалист анықталды. Үздік жобалар Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен Бренд-комитет отырысында іріктелді.
Іс-шараға Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің JICA өкілдері, атап айтқанда «Бір ауыл – бір өнім» жобасының кеңесшісі Акихиса Харагучи, жоба сарапшысы Жунджи Мияке, өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кеңесші Макико Уэхара және JICA-ның Қазақстандағы кеңсесінің бағдарлама үйлестірушісі Әсел Қартаева қатысты.
Акихиса Харагучидің айтуынша, қарағандылық кәсіпкерлер ұсынған өнімдердің арасында халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндігі бар жобалар көп.
«Бренд-комитет отырысына шақырғандарыңызға көп рақмет. Бүгін біз 16 тауарды қарап, бағаладық. Оларды бірлесіп талқылап, өзіміз үздік деп есептеген өнімдерді таңдадық. Мұнда болашағы зор тауарлар көп. Оларды алдағы уақытта дамытып, тек ішкі нарықта ғана емес, халықаралық деңгейде де ілгерілетуге болады», - деді жоба кеңесшісі Акихиса Харагучи.
Биыл Бренд-комитеттің қарауына 20 жоба жіберілген. Төрт кәсіпкер отырысқа қатыса алмағандықтан, комиссия алдында 16 қатысушы өз өнімдері мен бизнес-жобаларын таныстырды.

Комитет мүшелері көрме экспозициясын аралап, кәсіпкерлердің таныстырылымдарын тыңдады. Жобалар жабық талқылау барысында бағаланып, қорытынды ұпай бойынша үздік он финалист таңдалды.
Қарағанды облысы бойынша үздік ондық:
1. Эльмира Каппасова, «Каппасова Э.Б.» ЖК – ұлттықдәмдер негізінде дайындалған тәттілер.
2. Айдана Оспанова, «Бауыржан» ЖК – жартылай дайын өнімдер өндірісі.
3. Жанерке Әмірханова – бидай өскінінен экологиялық таза өнімдер өндіру.
4. Шолпаной Тұрдышева, «Достық» шаруа қожалығы – көкөністерді консервілеу және кептіру.
5. Күндыз Хапан, «Хапан» ЖК – шырғанақтан табиғи өнімдер өндіру.
6. Жаннұр Төлеубаева, «Қызыларай» ЖК – қолданжасалған киіз бұйымдары.
7. Елена Нивиденская – киізден жасалған картиналар мен кәдесыйлар.
8. Ольга Целлер, «Целлер» ЖК – көмірден жасалған әшекейлер мен кәдесыйлар.
9. Наталья Вшивцева – табиғи былғары мен минералдардан жасалған авторлық картиналар, паннолар және кәдесыйлар.
10. Лаура Жанабаева, «Жанабаева» ЖК – қолданжасалған табиғи сабын өндірісі.

Отырыс аяқталғаннан кейін Бренд-комитет пен JICA өкілдері бірқатар финалисттің өндіріс орындарын аралап, сарапшылар өнімнің жасалу барысымен, қолданылатын шикізатпен, өндіріс жағдайымен және кәсіпкерлердің бизнесті кеңейтуге дайындығымен танысты.
Іріктелген жобалар туралы ақпарат Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бір ауыл – бір өнім» жобасының маркетологтарына жолданады. Финалистерге өнімді, қаптаманы және ілгерілету тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ жобаның келесі кезеңдеріне дайындалуға қолдау көрсетіледі. Жеңімпаздар Қарағанды облысының атынан «Бір ауыл – бір өнім» республикалық көрмесіне қатысады.