Денсаулық сақтау саласын салықтық реттеу мәселелері бойынша бизнестің ортақ ұстанымы қалыптастырылды

23.07.2026
Денсаулық сақтау саласын салықтық реттеу мәселелері бойынша бизнестің ортақ ұстанымы қалыптастырылды

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында денсаулық сақтау саласындағы салық салу мәселелерін талқылауға арналған жұмыс кездесуі өтті. Жиынға бизнес өкілдері, салалық қауымдастықтар мен сарапшылар қатысты.

Кездесуді ашқан «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев денсаулық сақтау саласында ҚҚС-тың бірнеше мөлшерлемесінің қатар қолданылуы салықтық әкімшілендіруді күрделендіріп, бизнес үшін де, мемлекет үшін де қосымша қиындықтар туғызатынын атап өтті.

«Бүгінде бизнестің ортақ ұстанымын қалыптастырып, медициналық көмектің қолжетімділігін сақтауға, денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және сала үшін түсінікті әрі болжамды салықтық жағдай қалыптастыруға мүмкіндік бар. Салық саясаты денсаулық сақтау саласының дамуына оң ықпал етуі тиіс», – деді Қанат Шарлапаев.

Талқылау барысында жаңа Салық кодексіне ұсынылатын өзгерістер мен олардың денсаулық сақтау жүйесіне ықпалы қарастырылды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің қаржылық тұрақтылығы, медициналық көмектің қолжетімділігі және халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сарапшылардың пікірінше, медициналық қызметтерге, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға ҚҚС енгізу медициналық көмектің қымбаттауына және МӘМС жүйесіне қосымша қаржылық жүктеме түсіреді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының есептеулеріне сәйкес, 2027 жылдан бастап 5 пайыздық бірыңғай ҚҚС енгізілген жағдайда денсаулық сақтау жүйесіне түсетін қосымша жүктеме 188 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 119 млрд теңгесі МӘМС жүйесіне тиесілі болмақ.

Сонымен қатар, мұндай өзгерістер дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қымбаттауына, азаматтардың емделуге жұмсайтын шығындарының артуына және медициналық көмектің қолжетімділігіне теріс әсер етуіне әкеледі.

Кездесу қорытындысында қалыптастырылған бизнестің бірыңғай ұстанымы жаңа Салық кодексі жобасы аясында қаралуы үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданады.