Алматы Кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының Бренд-комитетінің отырысы өтті

23.07.2026
Алматы Кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының Бренд-комитетінің отырысы өтті

23 шілде күні Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы «Атамекенде» «Бір ауыл – бір өнім» жобасы Бренд-комитетінің отырысы өтті.

Бренд-комитет жобаны іске асырудың негізгі кезеңдерінің бірі болып табылады және өңірлік деңгейдегі ең әлеуетті тауар өндірушілерді іріктеу мақсатында құрылған. Оның басты міндеті – кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, өңірлік өнімдердің танымал брендтерін қалыптастыруға жәрдемдесу, жергілікті өнімнің сапасын арттыру және оны ішкі әрі сыртқы нарықтарға ілгерілету. Комитет құрамына бизнес қауымдастығының, мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ маркетинг, дизайн, өндіріс және кәсіпкерлікті дамыту саласындағы сарапшылар кіреді.

«Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасы Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған маңызды бағдарламалардың бірі. Оның басты мақсаты – жергілікті шикізаттан бәсекеге қабілетті өнім шығаратын кәсіпкерлерді қолдау, өңірлік брендтерді дамыту және отандық өнімдерді жаңа нарықтарға шығаруға мүмкіндік жасау. Бағдарлама жергілікті өндірістің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өңірлер экономикасының нығаюына және Қазақстанда өндірілген өнімнің танымал болуына ықпал етеді. Сондықтан бұл жоба мемлекет үшін де, отандық бизнес үшін де ерекше маңызға ие.

Отырыс барысында қатысушылар өз жобаларын сарапшыларға таныстырып, өнімдерінің ерекшеліктері, өндіріс технологиялары, жергілікті шикізатты пайдалану тәжірибесі және даму перспективалары туралы баяндады. Бренд-комитет мүшелері өнімнің сапасын, бірегейлігін, ауқымын кеңейту әлеуетін, нарыққа шығу дайындығын және брендті одан әрі дамыту мүмкіндіктерін бағалады.

Изображение

Отырыс қорытындысы бойынша «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының келесі кезеңіне өткен 10 қатысушы анықталды. Енді олар өз брендтерін дамыту бағытында сарапшылармен жұмысты жалғастырып, жобаның келесі кезеңдерінде Алматы қаласының атынан қатысады.

Алдағы уақытта біз осы он қатысушының әрқайсысын таныстырып, олардың өнімдері, кәсіпкерлік жолы және жүзеге асырып жатқан идеялары туралы кеңірек баяндайтын боламыз.

Барша қазақстандық кәсіпкерлерге жаңа белестерді бағындырып, тың идеяларын табысты жүзеге асыруға, сұранысқа ие отандық өнім өндіруге және жаңа нарықтарды игеруге тілектеспіз. Әрбір жаңа жоба бизнестің дамуына, ел экономикасының нығаюына және Қазақстанның өркендеуіне өз үлесін қоса берсін!