«Атамекен» ҰКП алаңында бизнес өкілдерінің Салық кодексін жетілдіру жөніндегі ұсыныстары талқыланды

24.07.2026
«Атамекен» ҰКП алаңында бизнес өкілдерінің Салық кодексін жетілдіру жөніндегі ұсыныстары талқыланды

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәсілдерін талқылауға арналған кеңес өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Премьер–Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің тапсырмасы аясында ұйымдастырылып, оған Ұлттық экономика министрлігінің, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының, салалық қауымдастықтардың және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Кеңесте Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев, Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Нұрлыбек Шаймаханов, сондай-ақ Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері баяндама жасады.

Кеңесті ашқан «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Ұлттық палата салық саясаты мәселелері бойынша мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалогтың негізгі алаңы болып қала беретінін атап өтті.

«Бүгінде кәсіпкерлер қауымдастығынан сапалы кері байланыс алу аса маңызды. Түскен барлық ұсыныстар жүйеленіп, мемлекеттік органдармен бірлесіп қаралады және тиісті негіз болған жағдайда заңнамалық тұрғыдан пысықтауға ұсынылады. Ортақ міндетіміз – бизнес үшін түсінікті, тұрақты әрі әділ салықтық орта қалыптастыру», – деді Тимур Жаркенов.

Изображение

Кеңеске қатысушыларға Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі берген тапсырмаларды орындау мақсатында құрылған жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсенің қызметі туралы ақпарат ұсынылды.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы 20 қаңтар күні өткен Ұлттық құрылтай отырысында фискалдық өзгерістердің кезең-кезеңімен әрі әлеуметтік шиеленіссіз жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, қоғам тарапынан айтылатын сындарлы ұсыныстарды мұқият қарауды тапсырған болатын. Осы тапсырмаларды іске асыру мақсатында Серік Жұманғариннің төрағалығымен Ұлттық экономика министрлігін, Қаржы министрлігін, Мемлекеттік кірістер комитетін, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасын, салалық мемлекеттік органдарды, қауымдастықтар мен сарапшылар қауымдастығын біріктірген Жобалық кеңсе құрылды.

Жобалық кеңсе жаңа Салық кодексін енгізу барысында туындайтын мәселелерді жедел қарастыратын бірыңғай үйлестіру орталығы ретінде жұмыс істейді. Типтік өтініштер бойынша қарау мерзімдері белгіленген, ал ведомствоаралық өзара іс-қимылды талап ететін мәселелер Жобалық кеңсенің отырыстарына шығарылады.

Изображение

Жобалық кеңсенің жұмысы барысында бизнес көтерген көптеген өзекті мәселе қаралды. Олардың қатарында денсаулық сақтау саласына салық салу, платформалық жұмыспен қамту, салықтық жеңілдіктер, салықтық әкімшілендіру және басқа да бағыттар бар. Кеңес Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді талқылаудың алғашқы кезеңі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, ал бизнес тарапынан ұсынылған ұсыныстар мен ескертулер уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданады.

Презентация барысында елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, салықтық жеңілдіктер беру тетіктерін жетілдіруге, жекелеген құқықтық қайшылықтарды жоюға, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар таныстырылды.

Атап айтқанда, инвестициялық преференцияларды қолдану, цифрлық активтерге салық салу, қосылған құн салығына (ҚҚС), пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа (ПҚӨС), акциздік салық салуға, факторингтік операцияларға, арнайы салық режимдеріне және салықтық әкімшілендіруге қатысты бірқатар нормаларды жетілдіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушылардың, агроөнеркәсіптік кешеннің, қаржы секторының және экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың мүдделерін ескеретін ұсыныстар қарастырылды.

Изображение

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Нұрлыбек Шаймаханов талқыланып жатқан түзетулер салық жүйесін жетілдіруде теңгерімді тәсілді қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.

«Ұсынылып отырған барлық өзгерістер мемлекеттік органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және сарапшылар қауымдастығының қатысуымен жан-жақты талқылануда. Басты мақсатымыз – мемлекеттің де, бизнестің де мүдделерін теңдей ескеріп, салық саясатының болжамдылығы мен қолайлы инвестициялық ахуалды сақтау», – деді Нұрлыбек Шаймаханов.

Изображение

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар офлайн және бейнеконференция байланысы арқылы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қосымша ұсыныстарын жеткізді.

Қазіргі уақытта ұсынылып отырған түзетулердің салыстырмалы кестесі өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен салалық қауымдастықтарға ұсыныстар мен ескертулер жинақтау үшін жолданды. Жинақталған ұсыныстар ағымдағы жылдың 7 тамызына дейін қабылданады. Осыдан кейін бизнес ұсынған бастамалар Жобалық кеңсенің алаңында қаралып, одан әрі заңнамалық тұрғыдан пысықтау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданады.