АГСК-3-ті қалай жетілдіруге болады: «Атамекен» алаңында құрылыс каталогын дамытудың жаңа тәсілдері талқыланды

24.07.2026
АГСК-3-ті қалай жетілдіруге болады: «Атамекен» алаңында құрылыс каталогын дамытудың жаңа тәсілдері талқыланды

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогын (АГСК-3) жетілдіру мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті. Жиын Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ның, салалық қауымдастықтардың, жобалау ұйымдарының, отандық құрылыс материалдарын өндірушілердің және өңірлік бизнес өкілдерінің қатысуымен өтті.

Кездесу барысында АГСК-3-ті жүргізу форматын жаңғыртуға қатысты жаңа тәсілдер таныстырылды. «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Астана филиалының Құрылыста нормалау орталығының директоры Хасен Арман каталогтың нақты өндірушілер мен сауда белгілеріне емес, құрылыс өнімдерінің техникалық сипаттамаларына негізделген жобалық спецификацияларды қалыптастырудың заманауи құралына айналуы тиіс екенін атап өтті.

Оның айтуынша, негізгі бағыттардың қатарында құрылыс материалдары, бұйымдары мен жабдықтарының бірыңғай атауларына көшу, салалық сыныптауыш әзірлеу, құрылыс материалдарының анықтамалығын қалыптастыру және спецификациялардың цифрлық форматын енгізу көзделген.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаментінің басқарушы директоры – директоры Данияр Молкенов қолданыстағы АГСК-3 форматы отандық өндірушілер мен жобалау ұйымдары тарапынан бірқатар практикалық мәселелер туындататынын айтты.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қолданыстағы каталогты қолдануға қатысты бизнестен түрлі өтініштер түседі. Отандық өндірушілер өз өнімдерін АГСК-3-ке енгізуде қиындықтарға тап болса, жобалау ұйымдары жобада қарастырылған құрылыс материалдары каталогта болмаған жағдайда сараптамадан өту кезінде кедергілерге кезігеді. Сондықтан АГСК-3-ті жүргізу мен өзектендіру тәсілдерін жетілдіру – уақыт талабы», – деді Данияр Молкенов.

Кеңес барысында отандық құрылыс материалдары өндірісін дамыту және қазақстандық кәсіпорындардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылардың пікірінше, АГСК-3-ті жетілдіру нарықтағы барлық қатысушылар үшін тең жағдай қалыптастырып, бәсекелестікті дамытуға және отандық өндірушілердің құрылыс жобаларына қатысу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етуі тиіс.

Сондай-ақ жиында АГСК-3-тің Тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы сыныптауышымен (ТЖҚЖС) өзара байланысы мәселесі қаралды. Жобалау ұйымдарының өкілдері бұл тетікті іс жүзінде қолдану қосымша пысықтауды қажет ететінін, себебі ол жобалау кезеңіндегі әкімшілік жүктемені арттырмауы тиіс екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар салалық қауымдастықтар, жобалау ұйымдары және бизнес өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, АГСК-3-ті жетілдіру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

«Атамекен» ҰКП Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетімен, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-мен және бизнес қауымдастығымен өзара іс-қимылды жалғастырып, АГСК-3-ті жүргізудің ашық, заманауи әрі тиімді тетігін қалыптастыруға, бәсекелестікті дамытуға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған жұмысты жалғастырады.