Қазақстанның цемент саласы рекордтық өсім көрсетуде
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздің өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларының бірі саналатын отандық цемент өнеркәсібінде тұрақты оң серпін қалыптасқанын мәлімдейді.
2026 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша қазақстандық кәсіпорындар шамамен 7 млн тонна портландцемент өндірді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (6,6 млн тонна) 5%-ға артық. Аталған көрсеткіш 2008 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан статистикалық бақылау тарихының бірінші жартыжылдығындағы ең жоғарғы нәтиже болып отыр.
Бұл өсім – Палатаның мемлекеттік органдармен бірлесіп, отандық өңдеу өнеркәсібін дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында жүргізіп отырған жүйелі жұмысының нақты нәтижесі. «Атамекен» салалық министрліктермен тұрақты диалог аясында отандық өндірушілердің мүддесін қорғап, әкімшілік кедергілерді азайту, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға жәрдемдесу және технологияларды жетілдіру сияқты жүйелі қолдау шараларын іске асыруға ықпал етіп келеді. Соның нәтижесінде қазақстандық цемент зауыттары ішкі нарықты сапа мен экологиялық жауапкершіліктің жоғары талаптарына толық сәйкес келетін өніммен қамтамасыз етуді жалғастыруда.

Өз кезегінде қазақстандық цемент зауыттары технологиялық жаңғыртуға инвестиция салуды жалғастырып, өндірістің экологиялық тиімділігін арттыруға және өнім сапасын одан әрі жақсартуға басымдық беріп келеді.
Жартыжылдық қорытындыларына пікір білдірген QazCem Қазақстан цемент өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Ербол Ақымбаев жоғары көрсеткіш мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысының нәтижесі деп біледі. Оның айтуынша, Қазақстанда, сондай-ақ әлемнің көптеген елдерінде өндірістік қуаттардың профициті байқалғанымен, инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалардың жүзеге асырылуы мен қазақстандық өндірушілер өнімінің жоғары сапасының арқасында отандық цемент тұрақты сұранысқа ие болып қала береді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы цемент саласын Қазақстанның өнеркәсіптік өсімінің тұрақты драйверлерінің бірі ретінде қарастыра отырып, отандық өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қолдау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыра бермек.