Жолаушылар тасымалы саласындағы өзін-өзі реттеу: пилоттық жоба жаңа тәсілдің тиімділігін көрсетті
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасында автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалы саласында өзін-өзі реттеу жүйесін енгізу жөніндегі пилоттық жобаның қорытындылары шығарылды. Бастама жолаушылар қауіпсіздігін арттыруға, тасымалдаушылар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге және көлеңкелі нарық үлесін қысқартуға бағытталған.
Қазіргі таңда автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалы көлік саласындағы ең күрделі бағыттардың бірі болып қала береді. Жекелеген тасымал түрлеріне бақылаудың жеткіліксіздігі заңсыз тасымалдаушылар санының артуына, жол-көлік оқиғалары тәуекелінің жоғарылауына, техникалық тұрғыдан тозған көлік құралдарының пайдаланылуына және көлеңкелі экономиканың кеңеюіне әсер етуде.
Өзін-өзі реттеу тетігін енгізу бастамасын 2015 жылы Қазақстан автотасымалдаушылары одағы ұсынып, оны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдаған. Кейіннен Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мемлекеттік функциялардың бір бөлігін өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру жөніндегі заңнамалық өзгерістерді әзірледі.
2026 жылғы сәуір-шілде айлары аралығында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өткен пилоттық жоба аясында жолаушылар тасымалы саласындағы пилоттық өзін-өзі реттейтін ұйым құрылды. Жобаға үш қаладан 26 автобус тасымалдаушысы, бір автовокзал және 15 такси кәсіпорны қатысты.
Пилоттық жоба барысында тасымалдаушылармен бірқатар кездесулер өткізіліп, өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары бекітілді. Сондай-ақ қатысушыларды есепке алу жүйесі ұйымдастырылып, тасымалдаушылардың автоматтандырылған тізілімі енгізілді және қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуына іріктемелі бақылау жүргізілді.
Пилоттық жобаның нәтижелері өзін-өзі реттеу тетігін енгізудің өзектілігін растады. Жобаны іске асыру барысында қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын пайдалану және қалааралық бағыттарда жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің болмауы сияқты жүйелі мәселелер анықталды.
Жобаға қатысушылардың пікірінше, өзін-өзі реттеу жүйесі жолаушылар тасымалы нарығының ашықтығын арттыруға, тасымалдаушылардың заң талаптарын сақтау жөніндегі жауапкершілігін күшейтуге және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өзін-өзі реттейтін ұйым өз мүшелерінің заң талаптарын сақтауына жауапты болады, ал мемлекеттік органдар адал жұмыс істейтін тасымалдаушыларды заңсыз қызмет көрсетушілерден нақты ажырата алатын тиімді құралға ие болады.
Пилоттық жобаның қорытындылары автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалы саласындағы өзін-өзі реттеу тетіктерін одан әрі жетілдіру кезінде ескеріледі.