Отандық кәсіпкерлер кеңесі: фармацевтика саласын қолдауға бағытталған алғашқы шешімдер жүзеге асырылды
Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Отандық кәсіпкерлер кеңесінің 29 сәуірде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырысының қорытындысы бойынша отандық фармацевтика саласын қолдауға бағытталған бірқатар бастама іске асырыла бастады.
Отырыс барысында «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бизнес қауымдастығының қатысуымен әзірленген 14 мәселе қаралды. Барлық бастама бойынша оң шешімдер қабылданып, оларды іске асыру мерзімі биылғы шілде және қыркүйек айларына белгіленді.
Бүгінде негізгі іс-шаралардың бірқатары жүзеге асырылды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың баға белгілеу мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, бөлшек саудадағы шекті бағасы бір айлық есептік көрсеткіштен аспайтын рецепт арқылы босатылатын дәрілік препараттарды көтерме және бөлшек саудада өткізуге қатысты мемлекеттік баға реттеуі алынып тасталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 2 маусымдағы №63 бұйрығымен дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және арнайы емдік өнімдерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Құжат халықаралық ұйымдар арқылы сатып алынатын тауарлар тізбесіне енгізілмейтін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қойылатын өлшемшарттарды айқындауды көздейді. Бұл норма қазақстандық өндірушілер шығаратын фармацевтикалық және медициналық өнімдерді халықаралық ұйымдар арқылы мемлекеттік сатып алу жағдайларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Қабылданған шешімдер фармацевтика саласын мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіруге, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және Қазақстанның фармацевтика өнеркәсібін дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
«Атамекен» ҰКП Отандық кәсіпкерлер кеңесінің шешімдерін іске асыру бағытында мемлекеттік органдармен және салалық бизнес өкілдерімен бірлескен жұмысты жалғастыруда. Қалған тапсырмалар толық орындалғанша тұрақты бақылауда болады.