Есепті өткізіп алмаңыз: ШҚО кәсіпкерлеріне Салық төлеуші кабинетінің жаңа мүмкіндіктері таныстырылды
Әрбір салық декларациясы – бұл жай ғана міндетті құжат емес, адамның қатысуынсыз дерлік жұмыс істейтін цифрлық жүйенің бір бөлігі. Сондықтан болмашы қателік немесе есептілікті уақытында тапсырмау жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Осындай жағдайлардың алдын алу жолдары және мемлекеттік кірістер органдарының электрондық сервистерінде енгізілген өзгерістер туралы Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы мен ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бірлескен «Бизнес және салықтар» жобасының кезекті эфирінде айтылды.
Эфирдің негізгі тақырыбы салық есептілігі және бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды барынша ыңғайлы әрі ашық етуге бағытталған жаңа цифрлық тетіктер болды.
Мамандар кәсіпкерлердің ерекше назарын аударған басты жаңалықтардың бірі – «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасында пайда болған жаңа функция. Енді салықтық тіркеуден өткеннен кейін кәсіпкер өзі тапсыруға міндетті салық есептілігінің нысандарын дербес белгілеуі қажет. Егер кейіннен қызмет түрі өзгеріп, басқа есептілік нысандарын тапсыру міндеті туындаса, бұл ақпаратты да есептілікті тапсыру мерзімі басталғанға дейін Салық төлеушінің кабинетінде уақтылы жаңарту қажет.
«Бұл жай ғана техникалық жаңалық емес. Жаңа функционал салық есептілігін автоматты түрде қалыптастыру тетігінің жұмыс істеуі үшін қажет. Егер кәсіпкер қандай да бір себептермен бастапқы немесе кезекті салық есептілігін белгіленген мерзімде тапсырмаса, ақпараттық жүйе Салық төлеушінің кабинетінде алдын ала белгіленген нысандар бойынша автоматты түрде нөлдік есептілікті қалыптастырады. Кейіннен кәсіпкер дұрыс мәліметтер көрсетілген қосымша салық есептілігін ұсына алады», – деді ШҚО бойынша МКД Мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Гүлжан Сәлімбаева.
Оның айтуынша, мұндай тетік салық есептілігін ұсынбағаны үшін көзделген шаралардың қолданылуына жол бермеуге мүмкіндік береді әрі салықтық әкімшілендірудің үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар шынайы мәліметтерді ұсыну міндеті сақталады: нөлдік есептілік нақты есептіліктің орнын алмастырмайды, тек жүйеге қосымша нысан тапсырылғанға дейін ақпаратты уақтылы өңдеуге мүмкіндік береді.
Эфир барысында тағы бір маңызды тақырып – форматтық-логикалық бақылау мәселесі талқыланды. Бұл – салық есептілігін толтыру және қабылдау кезінде ақпараттық жүйе жүргізетін автоматты тексеру. Көптеген кәсіпкерлер «Құжат қабылданбады» мәртебесіне тап болғанымен, оның нақты себебін әрдайым біле бермейді.
Форматтық-логикалық бақылау декларацияның дұрыс толтырылуын, міндетті деректемелердің болуын, мәліметтердің белгіленген форматтарға сәйкестігін, көрсеткіштердің логикалық байланысын тексеріп, арифметикалық немесе техникалық қателерді анықтайды. Осы тексеруден сәтті өткеннен кейін ғана құжатқа «Құжат қабылданды» мәртебесі беріледі. Ал егер жүйе «Құжат қабылданбады» мәртебесін берсе, мұндай есептілік ұсынылмаған болып есептеледі. Сондықтан кәсіпкерлерге құжатты жібермес бұрын барлық мәліметтерді мұқият тексеру ұсынылады.
Эфир барысында мамандар бүгінде мемлекеттік кірістер органдары көрсететін мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электрондық форматта қолжетімді екенін де еске салды. Кәсіпкерлер «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасын, Мемлекеттік кірістер комитетінің порталын, eGov сервисін, e-Salyq Business және e-Salyq Azamat мобильді қосымшаларын, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің қосымшаларын пайдалана алады.
Цифрландырудың тиімділігі нақты көрсеткіштермен дәлелденуде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік кірістер органдары 264 827 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде 264 121 қызмет, яғни 99,7 %-ы, электрондық форматта ұсынылған. Сонымен қатар қағаз түрінде көрсетілген қызметтердің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62 %-ға азайып, 1 824-тен 707-ге дейін төмендеген. Бұл кәсіпкерлердің көптеген мәселелерді бүгіннің өзінде мемлекеттік кірістер органдарына бармай-ақ, қашықтан шеше алатынын көрсетеді.