Ақмола облысының үздік азық-түлік тауарлары: өңірлік өндірушілердің табыс тарихы
Ет деликатестері, кемпірқосақ форелі және сұлы үлпектері – дәл осы өнімдер Ақмола облысының кәсіпорындарына «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік кезеңінде жеңіс әкелді. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында байқау комиссиясының жоғары бағасына үш кәсіпорын ие болып, енді олар республикалық кезеңде өңір намысын қорғайтын болады.
Биыл Бурабай ауданы ерекше нәтижесімен көзге түсті. «Мясные продукты» ЖШС мен «Biosphere Fish» ЖШС көрме-байқауға алғаш рет қатысып, бірден жеңімпаздар қатарынан көрінді. Сондай-ақ Атбасар ауданындағы «БАХА SÖHNE» ЖШС де жоғары марапатқа ие болды.
«Мясные продукты» ЖШС-нің тарихы 1995 жылдан бастау алады. Осы уақыт ішінде шағын өндіріс өңірдегі ірі ет өңдеу кәсіпорындарының біріне айналды. Бүгінде мұнда 100-ден астам адам еңбек етеді, ал өндірістік қуаты ай сайын 300 тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның ассортиментінде 200-ден астам өнім түрі бар. Олардың қатарында пісірілген, жартылай ысталған, пісіріліп ысталған және шикілей ысталған шұжықтар, сосискалар, сарделькалар, ет деликатестері, ысталған өнімдер, кәуаптар, жартылай фабрикаттар мен аспаздық өнімдер бар. Өнімдері Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында кеңінен өткізілумен қатар, Ресей Федерациясына экспортталады.
Заманауи технологиялар мен балық өсіру саласын дамытуға басымдық беретін «Biosphere Fish» ЖШС 2022 жылы Бурабай ауданының Ақылбай ауылында құрылды. Жобаны іске асыруға 800 млн теңгеден астам инвестиция тартылды. Бүгінде жоғары технологиялық аквафермада жылына 45 тоннаға дейін кемпірқосақ форелі өсіріледі. Кәсіпорын тұтынушыларға тірі балық пен салқын ысталған өнім ұсынып, оны Ақмола облысы мен Астана қаласындағы мамандандырылған дүкендер мен мейрамханаларға жеткізеді.
Компания өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта жылдық өндіріс көлемін 145 тоннаға дейін жеткізіп, Бурабай ауданында заманауи балық өсіру-туристік кластерін құру көзделген. Бұл жоба өңірдің туристік әлеуетін арттыратын жаңа нысандардың біріне айналмақ.
Атбасар ауданындағы «БАХА SÖHNE» ЖШС – Қазақстандағы сұлы үлпектерін өндіретін алғашқы жоғары технологиялық кәсіпорын. Фабрика 2023 жылы іске қосылып, бүгінде жылына 14 400 тоннаға дейін дайын өнім өндіреді.
Заманауи өндірістік кешеннің құрамына ангарлар, автокөлік таразысы, қойма ғимараттары, сондай-ақ сұлыны қабылдау, кептіру, тазалау және сақтау учаскелері кіреді. Бұл шикізатты толық өңдеу циклін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кәсіпорында 40-тан астам маман еңбек етеді.
Отандық шикізат пен заманауи еуропалық жабдықтарды пайдалану жоғары сапа мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Сұлы үлпектері ішкі нарықта өткізілумен қатар, ТМД елдеріне экспортталады. Кәсіпорын өңірдің қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына елеулі үлес қосып келеді.
«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы – еліміздегі ең беделді байқаулардың бірі. Ол жыл сайын үздік отандық өндірушілердің басын қосады. Байқаудың басты мақсаты – қазақстандық кәсіпорындарды қолдау, шығарылатын өнімнің сапасын арттыру және отандық брендтерді ілгерілету. Енді өңірлік кезеңнің жеңімпаздары Ақмола облысының атынан республикалық деңгейде бақ сынайды», – деп атап өтті Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов