Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы: «Атамекен» ҰКП экономикалық әріптестіктің жаңа бағыттарын талқылауға қатысты
Омбы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен XXII Қазақстан – Ресей Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті.
Форум жұмысына «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов қатысты.
Форумның негізгі басымдық берілген бағыты – «Жаһандық логистикалық экожүйені қалыптастыру: Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» тақырыбындағы пленарлық отырысы. Жиын барысында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ екі елдің өңірлері мен бизнес қауымдастықтары арасындағы тікелей байланысты нығайту мәселелері талқыланды.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы инвестициялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықтың оң серпінмен дамып келе жатқанын атап өтті.
«Бұл саладағы көрсеткіштер оң динамиканы көрсетуде. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Ресейден тартылған инвестиция көлемі 45 пайызға өсіп, бес айдың қорытындысы бойынша 773 миллион АҚШ долларын құрады. Көпжылдық өзара тиімді ынтымақтастықтың нәтижесінде бүгінде Қазақстан экономикасының түрлі салаларында Ресей капиталының қатысуымен 20 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар Ресейдегі қазақстандық бизнестің де позициясы нығайып келеді. Ресей экономикасына салынған қазақстандық инвестициялардың жалпы көлемі 9 миллиард АҚШ долларынан асты. Экономикалық күн тәртібінде өнеркәсіптік кооперация ерекше орын алады. Бүгінде жалпы инвестиция көлемі 52 миллиард АҚШ долларынан асатын 177 ірі бірлескен жоба қалыптастырылды. Оның 122-сі іске асырылып, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, бірлескен бастамаларды ілгерілетуге және өңірлер арасындағы серіктестікті дамытуға арналған маңызды алаң болып қала береді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының форум жұмысына қатысуы өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге, іскерлік байланыстарды нығайтуға және Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлері арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған.