Шалқар кәсіпкерлерінің ұсыныстары жүйелі шешімдердің негізіне айналуда
Шалқар ауданы Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов пен облыстық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Махамбетовтің кезекті бірлескен жұмыс сапарының бағыты болды. Өзара іс-қимыл жоспары аясында олар бірқатар кәсіпорындарды аралап, кәсіпкерлермен кездесті.
Сапар барысында қаладағы жалғыз мамандандырылған мал сою алаңы – «Кулишбаева З.Р.» ЖК («Талап» сервистік-дайындау орталығы) жұмысына ерекше назар аударылды. Кәсіпорын басшысы Шыңғыс Мусин айтуынша, мұнда 11 адам еңбек етеді. Мал сою цехымен қатар ай сайын шамамен екі тонна еттен дайындалатын жартылай фабрикат өнімдері өндіріледі.

Тұрақты сұранысқа қарамастан, кәсіпорын бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Электр энергиясы мен газға жұмсалатын шығындар екі есеге жуық өсіп, айына 300 мың теңгеге жеткен. Коммуналдық төлемдер табыстың 35 пайызын құрайды. Бұған қоса, жоғары салық жүктемесі мен шикізат бағасының қымбаттауы кәсіпорынның дамуына кедергі келтіруде. Ал халықтың сатып алу қабілетінің төмендігі өнім бағасын көтеруге мүмкіндік бермейді.
Шыңғыс Мусин ауылдық жерлердегі әлеуметтік маңызы бар қайта өңдеу кәсіпорындары үшін салық жүктемесін төмендету және коммуналдық шығындарды субсидиялау мәселесін қарастыруды ұсынды. Және, жалпы алғанда, шағын мал сою цехтарына да ірі кәсіпорындармен бірдей деңгейде субсидия алуға қолжетімділік беру. Сондай-ақ ол өндірісті жаңғырту, шұжық өнімдері мен ет консервілерін шығару, жылыжай салу және мемлекет қолдаған жағдайда киік етін қайта өңдеу жобасын жүзеге асыру жоспарларымен бөлісті.

Дидар Боранқұлов мұндай мәселелер облыстың көптеген аудандарына тән екенін атап өтті.
– Біздің міндетіміз – жекелеген кәсіпкерлердің мәселелерін шешіп қана қоймай, жүйелі түйткілдерді анықтап, заңнаманы жетілдіру мен мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар енгізу. Сондықтан біз облыстық мәслихат депутаттарымен бірге аудандарға тұрақты түрде шығып, кәсіпкерлердің пікірін тікелей тыңдаймыз, – деді Палата директоры.
Кәсіпкер көтерген барлық ұсыныстар әрі қарай сараптамалық алаңдарда қарау үшін Палатаның жұмысына алынды.

Жұмыс сапары барысында делегация сондай-ақ жеке кәсіпкер Мейрамбек Айтеновтың тротуар плиталарын шығаратын цехында болды. III топтағы мүгедектігі бар кәсіпкер 2018 жылы «Бастау Бизнес» жобасын аяқтап, бүгінде 10-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Кездесу барысында өндірісті жаңғырту, цехты жөндеу және автокар сатып алу мәселелері көтеріліп, Палатаның бақылауына алынды.

Келесі нысан – «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие арқылы ашылған жеке кәсіпкер Болат Тағыбергеновтің жиһаз цехы болды. Кәсіпорын жұмсақ жиһаз өндіріп, өнімдерін еліміздің әртүрлі өңірлеріне жеткізуде. Сонымен қатар кәсіпкер мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажетті сәйкестік сертификатын алу мәселесін көтерді. Бұл мәселе де Палатаның қарауына алынды.

Кәсіпкерлерді тиімді сүйемелдеудің жарқын мысалы ретінде жеке кәсіпкер Амандық Бисенбаевтың корпус жиһаздарын шығаратын цехы таныстырылды. Палатаның аудандық филиалының қолдауымен кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 9,2 млн теңге жеңілдетілген несие алып, жаңа құрал-жабдық сатып алған. Сондай-ақ электр желісіне байланысты ұзақ жылдар шешілмеген жер телімі мәселесі Палатаның араласуымен оң шешімін тауып, бүгінде жаңа өндірістік цехтың құрылысы жүргізілуде. Кәсіпкер Палатаға көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.

Сонымен қатар делегация жеке кәсіпкер Сағынбайдың мал тасымалдайтын автотіркемелер шығаратын дәнекерлеу цехының, Бекбол Әбдіразақтың токарь цехының, Асылбек Дәулеталиннің техникалық байқау станциясы мен автокөлік жуу кешенінің, сондай-ақ Мақсат Мендіқараның «Шалқар дәмі» кондитерлік цехының жұмысымен танысты. Соңғы кәсіпкер өндірістік ғимараттың құжаттарын рәсімдеу мерзімін ұзарту мәселесі бойынша Палатадан көмек сұрап, бұл мәселе де бақылауға алынды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша кәсіпкерлер көтерген барлық мәселелер мен ұсыныстар Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық мәслихаттың одан арғы жұмысына енгізілді. Аудандық және облыстық деңгейде шешілетін мәселелер мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатын болса, жүйелі сипаттағы бастамалар республикалық деңгейде қарау үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолданады. Осындай өзара іс-қимыл форматы кәсіпкерлердің өтініштеріне жедел ден қойып қана қоймай, өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жүйелі шешімдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

