Туризм жөніндегі салалық кеңес туристік саланы одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындады.

28.07.2026
Туризм жөніндегі салалық кеңес туристік саланы одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындады.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы «Атамекенде» бизнес қауымдастығының, сарапшылардың және салалық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен Туризм салалық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында туризм саласын дамытудың заманауи тәсілдері, цифрлық шешімдерді енгізу және бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері талқыланды.

Отырысты ашқан Туризм салалық кеңесінің төрағасы Еркін Тікенов Кеңес жұмысының практикалық нәтижеге бағытталған жаңа форматына көшудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзекті мәселелерге жедел ден қоюға және туризм саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында қатысушылар туризмді цифрландыру, әсерлердің полицентрлік экономикасын дамыту, қаланың аудандарын смарт-мамандандыру, жаңа туристік тартымдылық нүктелерін қалыптастыру және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мәселелерін қарастырды.

Сондай-ақ Алматының туристік экожүйесін дамытудың төрт негізгі бағытына негізделген тұжырымдама таныстырылды. Атап айтқанда, аудандарды смарт-мамандандыру, туристік инфрақұрылымды дамыту, цифрлық экожүйені қалыптастыру және қалалық туристік ортаны басқарудың заманауи құралдарын енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Полицентрлік әсерлер экономикасы тұжырымдамасы туристік нысандарды қаланың орталығында ғана емес, басқа аудандарында да дамытуға бағытталған. Бұл жаңа туристік маршруттарды қалыптастыруға, әр ауданның әлеуетін тиімді пайдалануға, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға және туристік ағындарды біркелкі бөлуге мүмкіндік береді.

Мазмұнды баяндамалармен Туризм салалық кеңесінің төрағасы Еркін Тікенов, «ҚазАльпинКлуб» Қазақстан туристік қауымдастығы басқармасының мүшесі, туризм саласының сарапшысы Диана Фролова, сондай-ақ CreAlmaty қорының президенті Жандос Жұмабай сөз сөйледі. Спикерлер қалалық туристік ортаны дамыту, цифрлық сервистерді енгізу және туристік бастамаларды Алматы қаласының даму стратегиясына ықпалдастыру бойынша өз көзқарастарын ұсынды.

 

Изображение

Отырыста туризм саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру, заманауи цифрлық құралдарды енгізу және Алматының туристік бағыт ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін жаңа туристік өнімдерді қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар Салалық кеңестің жұмысын жетілдіру мәселесіне де тоқталды. Еркін Тікеновтің бастамасымен жуық арада туризм саласының негізгі бағыттары бойынша жұмыс жүргізетін бейінді жұмыс топтары құрылады. Олар туристік инфрақұрылымды дамыту, саланы цифрландыру, жаңа туристік маршруттарды қалыптастыру және қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша нақты ұсыныстар әзірлейді.

Отырыс барысында мынадай басым бағыттар айқындалды:

- Алматы аудандарының әлеуетін ескере отырып туристік инфрақұрылымды дамыту;

- туризм саласын цифрландыру және заманауи сервистерді енгізу;

- қала орталығынан тыс жерлерде жаңа туристік тартымдылық нүктелерін қалыптастыру;

- туристік жобаларды Алматы қаласының даму стратегиясына ықпалдастыру;

- бизнес, сарапшылар қауымдастығы және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.

Қатысушылар Кеңестің алдағы жұмысының тиімділігі өткізілген талқылаулар санымен емес, кәсіпкерлердің, салалық сарапшылардың және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде әзірленген нақты бастамалардың іске асырылуымен бағаланатынын атап өтті.

 

Изображение

Жиынды қорытындылай келе, қатысушылар Туризм салалық кеңесі бизнес, сарапшылар қауымдастығы және мемлекеттік органдар арасындағы тұрақты диалог алаңы ретінде өз жұмысын жалғастыратынын жеткізді. Ал бейінді жұмыс топтарының құрылуы нақты шешімдерді жедел әзірлеуге, бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыруға және Алматы қаласының туристік саласының тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.