«Атамекен» ҰКП бизнесті «бір терезе» қағидаты бойынша автоматтандыруға арналған BusinessGO экожүйесін таныстырды
Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында ҰКП Төралқасы Төрағасы Қанат Шарлапаев шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Іс-шараның басты тақырыбы – ШОБ дамуының өзекті мәселелерін талқылау және бизнесті «бір терезе» қағидаты бойынша автоматтандыруға арналған кешенді шешім – жаңа BusinessGO цифрлық экожүйесін таныстыру болды.
Кездесуге Қазақстанның барлық өңірінен кәсіпкерлер қатысты. Астана қаласы мен еліміздің 20 өңірінен ШОБ өкілдері жаңа платформамен танысып қана қоймай, кәсіпкерлікті қолдау бойынша өз сұрақтары мен ұсыныстарын білдіру мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шараны ашқан «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев микро-, шағын және орта бизнесті қолдау Палата жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

«Атамекен бизнес үшін не істейді? Біз кәсіпкерлерге күнделікті нақты міндеттерді шешуге көмектесетін құралдар жасаймыз. BusinessGO – алдымен микро- және шағын бизнес үшін әзірленген өнім. Біздің мақсатымыз – коммерциялық пайда табу емес, кәсіпкерлердің күнделікті жұмысын жеңілдету, олардың уақыты мен ресурстарын үнемдеу, бизнестің негізгі қажеттіліктерін бір цифрлық кеңістікте қамтамасыз ету. Кәсіпкер күнделікті күйбең тірлікке қаншалықты аз уақыт жұмсаса, оның бизнесін дамытуға соғұрлым көп мүмкіндігі болады», – деді Қанат Шарлапаев.
Айта кетсек, платформаның таныстырылымы Қазақстанда кәсіпкерлік белсенділіктің тұрақты өсуі аясында өтіп отыр. Ресми деректер бойынша, шағын және орта бизнестің елдің ЖІӨ-дегі үлесі 40,9%-ға жетті, ал жыл басынан бергі жарты жылдықтың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,9 миллионға дейін өсіп, бұл жыл басымен салыстырғанда 20,4%-ға (шамамен 500 мың кәсіпорынға) артық болып отыр.



Бизнестің өсуі жаңа цифрлық шешімдерді талап етеді
Кәсіпкерлер санының артуы операциялық жүктеменің өсуімен қатар жүреді. Бүгінде шағын және орта бизнес субъектілерінің 60%-дан астамы сауда, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді. Онда тиімділік деректерді өңдеу жылдамдығына, процестерді автоматтандыруға және заманауи цифрлық қызметтердің қолжетімділігіне тікелей байланысты.
Кәсіпкерлер күн сайын көптеген әртүрлі IT-шешімдерді бір мезгілде пайдаланады: онлайн-кассаға бөлек ақы төлейді, тауарлық есепті бір жүйеде жүргізеді, тауарларды таңбалаумен басқа жүйеде жұмыс істейді, маркетинг пен адалдық бағдарламалары үшін жеке қызметтерді қолданады.
Бөлек-бөлек цифрлық шешімдерді пайдалану бизнестің операциялық шығындарын арттырады. Кәсіпкерлер бірнеше қызметті сатып алуға, біріктіруге және қолдауға, әртүрлі жеке кабинеттерде жұмыс істеуге және түрлі техникалық қолдау қызметтеріне жүгінуге мәжбүр болады. Салдарынан уақыт пен ресурстардың едәуір бөлігі бизнесті дамытудың орнына техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге жұмсалады.
Дәл осы міндеттерді шешу үшін негізгі цифрлық қызметтерді бір контурда біріктіретін, олардың арасында деректердің автоматты алмасуын және пайдаланушыларды қолдаудың бірыңғай орталығын қамтамасыз ететін BusinessGO экожүйесі әзірленді.


BusinessGO экожүйесіне не кіреді
- ФДО – фискалдық деректер операторының қызметтері;
- GreenKassa – онлайн-кассалардың мобильді жүйесі;
- GreenMag – нақты уақыт режимінде тауарлық есепке алу және қойманы басқару жүйесі;
- Amian Business – адалдық бағдарламаларын, маркетингтік науқандар мен акцияларды басқаруға арналған платформа;
- GreenScan – акциздік марка мен өнімді таңбалау құралдарын тексеру қызметі;
- Салық төлеушінің паспорты – QR-код арқылы компания туралы ақпаратты тексеру құралы;
- Tax Free – шетелдік сатып алушыларға ҚҚС қайтаруды автоматтандырылған түрде ресімдеу қызметі;
- Findex – базарлар мен ірі сауда орталықтары үшін сауданы мониторингтеу және бақылау аналитикалық жүйесі.
Барлық қызмет бір-бірімен интеграцияланған және бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істейді. Мысалы, сату туралы деректер тауарды қоймадан автоматты түрде есептен шығарады, аналитикалық көрсеткіштерді жаңартады және сатып алушылар үшін жеке ұсыныстар қалыптастыруға көмектеседі. Мұндай тәсіл қолмен орындалатын жұмыс көлемін қысқартып, клиенттерге қызмет көрсету жылдамдығын арттырады және бизнесті басқару тиімділігін жоғарылатады.
Платформаға қосылу небәрі бірнеше минутты алады. businessgo.kz порталына тіркелу электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жүзеге асырылады. Жүйеге кіргеннен кейін ол компания деректерін автоматты түрде жүктеп, пайдаланушыға қажетті қызметтерді таңдайды да, шартқа электрондық форматта қол қою ғана қалады.



Цифрлық жүйенің таныстырылымынан кейін кәсіпкерлер платформаны пайдалану, мемлекеттік және коммерциялық қызметтерді интеграциялау, бизнесті одан әрі цифрландыру мүмкіндіктері мен экожүйенің қызмет ету аясын кеңейту мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойды.
Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар Ұлттық палатаға ашық диалогты ұйымдастырғаны үшін және BusinessGO жүйесін іске қосқаны үшін алғыс білдіріп, сұранысқа ие цифрлық қызметтерді бір экожүйеге біріктіру микро-, шағын және орта бизнеске әкімшілік және қаржылық жүктемені едәуір азайтуға, сондай-ақ заманауи цифрлық құралдарды Қазақстанның барлық өңіріндегі кәсіпкерлер үшін қолжетімдірек етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.


BusinessGO платформасының мүмкіндіктері, қосылу шарттары мен қызметтердің функционалы туралы толығырақ businessgo.kz порталында, «Атамекен» ҰКП-ның ресми сайтында немесе 1432 бірыңғай байланыс орталығының нөмірі арқылы білуге болады.