«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Астанадағы Минералогия музейіне барды
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Астанадағы Минералогия музейіне барды. Бұл – елордадағы минералогия мен геологияға арналған бірегей музей.
Сапар барысында Палата басшысы музейдің бай экспозициясымен танысты. Мұнда Қазақстаннан және әлемнің көптеген елдерінен жиналған минералдардың, тау жыныстарының және палеонтологиялық жәдігерлердің үш мыңнан астам түрі қойылған. Коллекцияда табиғи алтын, мыс, темір, сирек кездесетін минералдар мен асыл тастар, сондай-ақ тасқа айналған ағаштар сақталған.

Музейде отандық геология тарихына ерекше мән беріледі. Экспозиция құрамында XIX ғасырдағы геологиялық әдебиеттер қоры, XX ғасырдағы геологиялық далалық құрал-жабдықтар, минералогиялық және палеонтологиялық коллекциялар, сондай-ақ қазіргі фауналық қалдықтар жинағы бар.
Музейдің негізін қалаушы – Қазақстанның еңбек сіңірген геологы Ұлжабай Исмаилов. Ол геология және жер қойнауын пайдалану саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, еліміздің минералдық-шикізат базасын дамытуға елеулі үлес қосқан маман. Оның бастамасымен ашылған музей бүгінде геология ғылымын насихаттайтын, бірегей коллекцияларды сақтайтын және жастардың геолог мамандығына қызығушылығын арттыратын маңызды ғылыми-ағартушылық орталыққа айналды.

Кездесу барысында Қанат Шарлапаев мұндай бастамалардың еліміздің ғылыми мұрасын сақтау, ағартушылық қызметті дамыту және жастар арасында инженерлік әрі жаратылыстану бағытындағы мамандықтарды дәріптеу ісіндегі маңызын атап өтті.
«Мұндай музейлер отандық геология тарихын сақтап қана қоймай, ел экономикасының дамуына тікелей ықпал ететін мамандықтарға жастардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – ғылым сабақтастығын қамтамасыз етуге және ғылыми білімді кеңінен насихаттауға қосылған маңызды үлес», – деді Қанат Шарлапаев.

Кездесу қорытындысында тараптар геология саласындағы мамандықтарды насихаттау, білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты дамыту және саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдау мәселелерін талқылады.