Қарағанды облысында балалардың тістерін емдеуге арналған тариф кодын өзгерту ұсынылды

31.07.2026
Қарағанды облысында балалардың тістерін емдеуге арналған тариф кодын өзгерту ұсынылды

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында өңірдегі стоматологиялық ұйымдардың шамамен 57 млн теңгеденайырылуына әкелуі мүмкін жүйелі мәселе қаралды.

Палата мәліметінше, дау D03.005.001 «Мектепке дейінгі жастағы балалардың уақытша тістерінің пульпитін емдеу» тарифтік кодының қолданылуына байланысты туындаған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аталған код тек мектепке дейінгі жастағы балаларға ғана қатысты деп есептейді. Ал медицина ұйымдарының айтуынша, олар мектеп жасындағы балалардың да уақытша (сүт) тістерін емдеген, өйткені мұндай тістер 11-13 жасқа дейін сақталуы мүмкін.

«Тариф кодының атауындағы “мектепке дейінгі балалар” деген сөз педагогикалық ұғым. Ал медицинада баланың жасы емес, тістің түрі(уақытша немесе тұрақты) негізгі өлшем болуы керек», – деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Игорь Кветинский.

Қолданыстағы тарификаторда мектеп жасындағы балалардың уақытша тістерін емдеуге арналған жеке тарифтік код қарастырылмаған. Ал тұрақты тістерге арналған кодтарды қолдануға болмайды, себебі олар анатомиялық тұрғыдан басқа тістерге қатысты. Соның салдарынан медициналық ұйымдар қызметті дұрыс кодтамау немесе балаға тегін ем көрсетуден бас тарту сияқты таңдау алдында қалған.

Қарағанды облысындағы медициналық ұйымдарға мемлекеттік аудиттің жоспардан тыс тексеруінің қорытындысы бойынша қаржылық наразылықтар қойылды.

«Облыс бойынша қойылған наразылықтардыңжалпы сомасы шамамен 57 миллион теңгені құрайды, оның 13 миллион теңгесістоматологиялық қызметтерге қатысты. Сонымен қатар барлық медициналық қызметтер іс жүзінде толық көлемде көрсетілді, ал пациенттер мен олардың ата-аналарынан ешқандай шағым түскен жоқ», – деді Стоматологиялық қауымдастықтың өкілі.

Кеңеске қатысушылар аудит профильдік стоматолог мамандардың қатысуынсыз жүргізілгенін де атап өтті. Олардың пікірінше, бұл аудит қорытындыларын қайта қарауға негіз бола алады.

«Аудит барысында жеті жастан асқан балаларға қатысты аталған тариф кодының қолданылғаны анықталды. Алайда медициналық ұйымдарға қаражатты қайтару туралы хабарламалар әлі жолданған жоқ, себебі Қор аудит актісіне қарсылық білдірді», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Әсет Өтелбаев.

Кеңес мүшелері бұл мәселенің тек Қарағанды облысына ғана емес, бүкіл республикаға ортақ екенін атап өтті. Өңірлік палата «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы Денсаулық сақтау министрлігіне даулы тариф кодын қолдану тәртібіне ресми түсіндірме беру және тарификаторға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жолдаған. Қазіргі уақытта министрліктің жауабы күтілуде.

Талқылау қорытындысы бойынша Кеңес Денсаулық сақтау министрлігіне мектеп жасындағы балалардың уақытша тістерін емдеуге арналған тарифтік кодты нақтылап, тарификаторға өзгерістер енгізуді ұсынды. Сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына министрліктің ресми ұстанымы шыққанға дейін көрсетілген медициналық қызметтің сапасына күмән болмаған жағдайда медициналық ұйымдарға қаржылық санкциялар қолданбау ұсынылды. Кеңестің шешімі тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.