Қазақстандық кәсіпорындар ТМД-ның сапа саласындағы сыйлығының лауреаты және дипломанты атанды
2026 жылғы 8 шілдеде Қырғыз Республикасында Өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасы саласындағы жетістіктері үшін 2025 жылғы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыйлығын табыстаудың салтанатты рәсімі өтті.
ТМД сыйлығы – Достастық кеңістігіндегі сапа саласындағы ең беделді халықаралық марапаттардың бірі. Байқау екі жылда бір рет өткізіліп, өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруда жоғары нәтижелерге қол жеткізген, заманауи менеджмент жүйелерін, цифрлық шешімдер мен инновациялық технологияларды табысты енгізген, сондай-ақ өндіріс тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырған кәсіпорындарды анықтауға және ынталандыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасының атынан байқауға Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурстың жеңімпаздары қатысады. Олар өнім сапасының жоғары деңгейін, басқару жүйесінің тиімділігін және тұрақты дамуын дәлелдеген кәсіпорындар.
Отандық кәсіпорындардың байқауға қатысуын қамтамасыз етуде мемлекеттің ұйымдастырушылық қолдауы маңызды рөл атқарады. Өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасы саласындағы жетістіктері үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыйлығын алуға арналған конкурсқа отандық кәсіпорындардың қатысуы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің қолдауымен, сондай-ақ «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының үйлестіруімен және сүйемелдеуімен жүзеге асырылады.
Байқау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы ТМД сыйлығына қатысу тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Ел тарихында алғаш рет бірден бес отандық кәсіпорын лауреат және дипломант атақтарына ие болды. Бұл – қазақстандық бизнестің жоғары деңгейде дамуының және оның жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалуының жарқын дәлелі.
ТМД сыйлығының лауреаты атағына төмендегі кәсіпорындар ие болды:
· «Уральская торгово-промышленная компания» ЖШС;
· «НПО Дефектоскопия» ЖШС.
ТМД сыйлығының дипломанты атағы төмендегі кәсіпорындарға берілді:
· «Бёмер Арматура» ЖШС;
· «РУБИКОМ» ЖШС;
· «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС.
Халықаралық қазылар алқасының қазақстандық кәсіпорындарға берген жоғары бағасы елімізде сапа мәдениетінің жүйелі түрде дамып келе жатқанын, өндірісті басқарудың заманауи тәсілдерінің тиімді енгізіліп жатқанын және бизнестің үздіксіз жетілуге ұмтылысын айқын көрсетеді. Бұл жетістіктердің негізінде еңбек ұжымдарының көпжылдық еңбегі, жаңа технологияларға салынған инвестициялар, тұтынушы алдындағы жауапкершілік және жоғары сапа стандарттарына деген адалдық жатыр.
Қазақстанның ТМД сыйлығындағы тарихи нәтижесі жеңімпаз кәсіпорындар үшін ғана емес, тұтас отандық кәсіпкерлік қауымдастық үшін де маңызды оқиға болды. Бұл қазақстандық өндірушілердің халықаралық деңгейде табысты бәсекелесе алатынын, өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сапасына қойылатын жоғары талаптарға толық сәйкес келетінін және еліміздің абыройын халықаралық деңгейде лайықты таныта алатынын дәлелдейді.
ТМД сыйлығына қазақстандық кәсіпорындардың қатысуы мен жеңісі сапа саласындағы үздік ұлттық тәжірибелерді кеңінен насихаттауға, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға және «Қазақстанда жасалған» өнімге деген сенімді арттыруға ықпал етеді. Бұл жетістік отандық бизнестің одан әрі дамуына, инновацияларды енгізуге және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жаңа серпін береді.