Аграрлық саланың жаңа тынысы цифрландыру мен әділ қолдауда
Түркістан облысында кәсіпкерлер мен шаруалар «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бастамаларды талқылады
Түркістан облысында кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіп саласының өкілдері бас қосып, өңір экономикасын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы ұйымдастырған кездесулерде отандық өндірісті қолдау, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру, ауыл шаруашылығын жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту мәселелеріне басымдық берілді.
Алғашқы кездесу SPK Turkistan индустриялық паркінде орналасқан Turan Su кәсіпорнының аумағында өтті. Жиынға өндіріс орындарының басшылары, шағын және орта бизнес өкілдері, инвесторлар, логистика саласының мамандары мен индустриялық парктердің өкілдері қатысты.
Кездесуді Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев жүргізді. Өңірдегі кәсіпкерлік ахуалды жақсы білетін маман ретінде ол бизнес өкілдері көтерген мәселелердің өзектілігіне тоқталып, кәсіпкерлер мен мемлекеттік институттар арасындағы ашық диалогтың маңызын атап өтті.
Асылан Ибадуллаевтың айтуынша, бизнестің тұрақты дамуы үшін тек қаржылай қолдау шаралары жеткіліксіз. Кәсіпкерге ең алдымен заңнамасы тұрақты, ережесі түсінікті әрі болашағын болжап, ұзақ мерзімді жоспар құруға мүмкіндік беретін орта қажет.
«Кәсіпкерлік – экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Сондықтан бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді уақытылы анықтап, оларды кәсіпкерлердің өздерімен бірге талқылау маңызды. Бизнеске қажетті жағдай – тұрақты әрі әділ ереже, ашық қарым-қатынас және қабылданған шешімдердің болжамдылығы. Осындай орта қалыптасқанда кәсіпкер де өндірісін кеңейтіп, инвестиция салып, жаңа жұмыс орындарын құруға сенімді болады», – деді Асылан Ибадуллаев.

Жиында «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген экономикалық бастамалар таныстырылды. Атап айтқанда, бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру, отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау және инвестициялық ахуалды жақсарту бағыттарына назар аударылды.
Құрылтай депутаттығына кандидат Ренат Бектұров кәсіпкерлікті дамытудағы заң үстемдігі мен әділ қағидаттардың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, бизнестің еркін жұмыс істеуі мен инвестиция тартудың басты шарттарының бірі – тұрақты әрі болжамды құқықтық орта.
Снежанна Имашева мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынастың ашықтығына тоқталды. Ал сайлауалды штаб мүшесі Елдар Жұмағазиев тарифтер мен төлемдер өзгерген кезде өтпелі кезең енгізу, сондай-ақ шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейту жөніндегі партия ұсыныстарын таныстырды.
Су, субсидия, цифрландыру – шаруаның басты мәселелері
Күннің екінші жартысында сайлауалды штаб өкілдері Отырар ауданындағы «Таймас 2024» шаруашылығының базасында аграрлық сектор өкілдерімен кездесті.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері үшін бүгінгі таңда аса маңызды мәселелердің бірі – су тапшылығы мен ирригациялық инфрақұрылымның жай-күйі. Осыған байланысты кездесуде суару жүйелерін жаңғырту, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және ауыл шаруашылығын сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері кеңінен сөз болды.

Бұдан бөлек, шаруалар қаржыландырудың қолжетімділігі, мемлекеттік субсидиялау тетіктерін жетілдіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту, өндірілген өнімді өткізу және экспорттық нарықтарға шығу мәселелері бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Аграрлық сектор үшін цифрландырудың да маңызы артып келеді. Бүгінде шаруа үшін жер, су, субсидия, ветеринариялық бақылау және басқа да мемлекеттік қызметтерге қатысты ақпараттың қолжетімді әрі түсінікті болуы – уақытты үнемдеп қана қоймай, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттырудың маңызды шарты.
Осы орайда «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында агроөнеркәсіп кешеніне арналған бірыңғай цифрлық платформа – Е-АПК құру ұсынылып отыр.
Платформа агроөнеркәсіп саласына қатысты мемлекеттік сервистерді бір цифрлық экожүйеге біріктіруді көздейді. Оның көмегімен фермерлер бірыңғай жеке кабинет арқылы жер телімдері, су ресурстары, субсидиялар, ветеринариялық бақылау, өндіріс және басқа да қажетті мемлекеттік қызметтер туралы ақпаратты бір жерден ала алады.
Бұл бастама ауыл шаруашылығындағы артық бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға, мемлекеттік қолдаудың ашықтығын арттыруға және фермерлердің мемлекеттік қызметтерді алуын жеңілдетуге бағытталған.
Кездесулерді қорытындылаған «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дадебай кәсіпкерлер мен аграршылардың ұсыныстарын ескерудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, экономикалық және аграрлық саясат өңірлердің нақты қажеттіліктеріне негізделіп, бизнес пен ауыл шаруашылығы өкілдерімен тұрақты диалог арқылы қалыптасуы тиіс.

Түркістан облысындағы кездесулер кәсіпкерлер мен шаруалардың қордаланған мәселелерін ашық айтуына, өз ұсыныстарын тікелей жеткізуіне мүмкіндік берді. Мұндай пікір алмасулар өңір экономикасының нақты сұранысын айқындап қана қоймай, бизнестің, ауыл шаруашылығының және мемлекеттің ортақ мүддесін тоғыстыратын маңызды алаңға айналып отыр.
«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы мұндай кездесулерді еліміздің өзге де өңірлерінде жалғастырмақ. Алдағы уақытта партия өкілдері тұрғындармен, кәсіпкерлермен, аграрлық сектор мамандарымен, еңбек ұжымдарымен және қоғамдық орта өкілдерімен кездесіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылайды.
Басты мақсат – кәсіпкерге еркіндік, шаруаға нақты қолдау, ал экономикаға тұрақты өсім әкелетін тиімді жағдай қалыптастыру.