Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін заманауи зауыттың құрылысы басталды

29.07.2026
Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін заманауи зауыттың құрылысы басталды

Түркістан облысында өндіріс пен фармацевтика саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағына қарасты «Ораңғай» қосалқы экономикалық аймағында «Orzax Central Asia» ЖШС-нің биологиялық белсенді қоспалар өндіретін заманауи зауытының уақыт капсуласы салынды.

Изображение

Жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру және импортты алмастыратын өндірістерді дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

Облыс басшысының айтуынша, өңірде импортты алмастыруға бағытталған 176 млрд теңгені құрайтын 31 жоба іске қосылған. Биыл 280 млрд теңгеге 39 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Түркістан облысындағы фармацевтикалық өнімдер нарығының 100 млрд теңгеге жуығы импортқа тәуелді.

«Orzax Central Asia» жобасының жалпы инвестициялық құны – 20,4 млрд теңге. Кәсіпорынға 10 гектар жер телімі бөлінген. Құрылыс жұмыстары 2026-2027 жылдары жүргізіледі. Зауыт толық іске қосылғаннан кейін жылына 464 млн дана биологиялық белсенді қоспа өндіріп, 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Жоба өңірдің импортқа тәуелділігін азайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді. Компанияның құрылтайшысы – Түркиядағы биологиялық белсенді қоспалар өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі «Orzaks Pharmaceuticals and Chemical Industry Inc». Корпорация әлемнің 50-ден астам еліне 150-ден астам өнім түрін экспорттайды.

Изображение

Салтанатты шараға Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев та қатысты. Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, кәсіпкерлерге қолдау көрсету және жаңа өндірістердің дамуына ықпал ету бағытында жұмыс жүргізіп келеді.