Ақтөбеде Өңірлік кеңес агробизнес мәселелерін қарап, Кәсіпкерлер палатасының жартыжылдық жұмысын қорытындылады
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрағасы Асхат Айтжановтың төрағалығымен өткен жиында өңір кәсіпкерлерін толғандыратын өзекті мәселелер қаралып, Палатаның 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің қорытындылары шығарылды. Отырысқа Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мен «КазАгроҚаржы» АҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 16%-ға өзгеруіне байланысты «КазАгроФинанс» АҚ қаржылық лизинг шарттарының талаптарын қайта қарау мәселесіне арналды.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы Агроөнеркәсіптік кешен салалық кеңесінің төрайымы, «Ділдә» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмабике Жұмалиева бұл өзгеріс Ақтөбе облысындағы 957 лизингтік шартқа әсер етіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық жүктемесін шамамен 190 млн теңгеге арттыруы мүмкін екенін айтты. Кәсіпкерлердің пікірінше, бұл қолданыстағы міндеттемелерді орындауды қиындатады. Сондықтан олар 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ҚҚС-тың 14% мөлшерлемесімен жасалған шарттарға қатысты қосымша шығындарды болдырмайтын шешім қабылдау мүмкіндігін қайта қарауды сұрап отыр.

«КазАгроФинанс» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Асхат Ұндағанов қаржы ұйымының ұстанымын түсіндіре келе, төлем кестелерін қайта есептеу қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті.
– Бұл – заңнаманың талабы. Төлемдер есептеу жүргізілген сәтте қолданыстағы мөлшерлеме бойынша қайта есептеледі. Аталған мәселенің қоғамда кең талқыланатынын ескере отырып, компания басшылығы алдын ала Қаржы министрлігіне және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарға өтпелі нормаларды енгізу жөнінде ұсыныстар жолдады. Алайда бұл бастама қолдау таппады, өйткені қаржылық лизинг тетігі тек ауыл шаруашылығында ғана емес, экономиканың барлық саласында қолданылады және заң талаптары барлығына бірдей болуы тиіс. Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС-тың жаңартылған 16% мөлшерлемесін қолдануға міндеттіміз, – деді Асхат Ундағанов.
Сонымен қатар ол Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп өзара тиімді шешімдерді іздеуге дайын екенін жеткізді.

Талқылау қорытындысы бойынша Өңірлік кеңестің төрағасы Асхат Айтжанов бизнес, қаржы институты және мемлекеттік органдар арасындағы диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Ұсыныстар ҚР ҰКП орталық аппаратына жолданады. Ал даулы мәселелерді сотқа дейін реттеу үшін Медиация кабинетінің мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылды.
Отырыстың екінші бөлігінде Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов Палатаның 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындыларын таныстырды.
Алты ай ішінде Палатаға кәсіпкерлерден 134 өтініш түсіп, олардың 51-і бойынша оң шешім қабылданды. 619 млн теңге сомасына 13 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қорғалды. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің алты отырысы өткізіліп, 12 жүйелі мәселе қаралды. Берілген 63 ұсынымның 41-і орындалды, ал 28 мәселе Жүйелі проблемалардың республикалық тізілімі арқылы сүйемелденуде.
Кәсіпкерлерге 329 сервистік қызмет көрсетіліп, 5 мыңнан астам кеңес берілді. Палатаның қолдауымен жалпы құны 92 млн теңгені құрайтын сегіз жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар құны 2,2 млрд теңге болатын 50 жоба қаралу сатысында тұр. Жұмыс берушілер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде өңірге 3441 маман қажет екені анықталды. Дуальды оқыту мен тәлімгерлік жүйесін дамыту жұмыстары жалғасуда.
Мемлекеттік органдармен және облыстық мәслихатпен бірлесіп жылыжай шаруашылықтарының коммуналдық қызмет шығындарын субсидиялауға 183 млн теңге және пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 600 млн теңге бөлу мәселесі шешімін тапты.
Есепті кезеңде аудандарға тоғыз жұмыс сапары ұйымдастырылып, кәсіпкерлермен 50 кездесу өткізілді. Жалпы 161 бизнес мәселесі қаралып, оның 33-і шешілді, 86 мәселе бойынша түсіндірме берілді, ал 44 мәселе Палатаның сүйемелдеуінде. Бұдан бөлек, тағы 25 жүйелі мәселе бойынша жұмыс жалғасуда.

Сондай-ақ BusinessGO, «Іскер Аймақ» жобаларын іске асыру, «Жайсан» өткізу пунктін цифрландыру және дауларды сотқа дейін реттеу институтын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Палата мамандары 12 сот процесіне және 12 татуластыру комиссиясының отырысына қатысты.
Өңірлік кеңес мүшелері Кәсіпкерлер палатасының бірінші жартыжылдықтағы жұмыс нәтижелеріне оң баға беріп, алдағы қызметте ескерілетін бірқатар ұсыныстарын енгізді.

