Алматы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі Кәсіпкерлердің ұсыныстары жүйелі шешімдердің негізіне айналуда
Бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары қандай болуы керек? Оларды кәсіпкерлердің барынша кең тобы үшін қалай қолжетімді етуге болады? Ал халықаралық ынтымақтастық отандық компанияларға қандай жаңа мүмкіндіктер ашады?
Осы мәселелер Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» Өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысында талқыланды. Жиын Өңірлік кеңес төрағасы Максат Кикимовтың төрағалығымен өтті. Өңірлік кеңес мүшелерімен қатар отырысқа салалық кеңестердің төрағалары мен өкілдері қатысып, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты өзекті мәселелер әртүрлі салалардың тәжірибесі негізінде жан-жақты қаралды.
Отырысты ашқан Максат Кикимов кәсіпкерліктің тиімді дамуы бизнес пен мемлекет арасындағы тұрақты диалогқа тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, Өңірлік кеңес пен салалық кеңестер кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін көтеріп қана қоймай, іскерлік ортаны жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар қалыптастыратын маңызды алаң болып табылады.
Бұл ойды жалғастырған Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Шыңғысхан Маманов кәсіпкерлік саласындағы практикалық мәселелермен ең алдымен салалық кеңестер бетпе-бет келетінін айтты. Сондықтан дәл осы кеңестерден түсетін ұсыныстар кейін Өңірлік кеңес пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мемлекеттік органдармен жүргізетін жұмысының негізіне айналады. Мұндай тетік кәсіпкерлердің мәселелерін тіркеп қана қоймай, олардың жүйелі шешімін табуға мүмкіндік береді.
Отырыстың негізгі тақырыптарының бірі «Іскер аймақ» бірыңғай шағын бизнесті қолдау бағдарламасын дамыту мәселесі болды.
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің жетекші сарапшысы Айнұр Байжанова мемлекеттік қолдау тетіктері туралы баяндап, бағдарламаға енгізілген экономикалық қызмет түрлерінің (ЭҚЖЖ) тізімімен таныстырды және бағдарламаның іске асырылуының аралық нәтижелерін ұсынды.
Сонымен қатар басты назар қол жеткізілген нәтижелерге емес, бағдарламаны одан әрі жетілдіру мүмкіндіктеріне аударылды. Салалық кеңестердің өкілдері мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана алатын ЭҚЖЖ тізімін кеңейтуді ұсынды. Қатысушылардың пікірінше, бұл бағдарламаны түрлі салалардағы кәсіпкерлер үшін қолжетімді етіп, мемлекеттік қолдау құралдарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Алматы қаласы бойынша өңірлік филиалының директоры Жандос Нұрғазинов бағдарламаны қаржыландыру тетіктері туралы жан-жақты баяндап, ЭҚЖЖ тізімін кеңейту шағын және орта бизнес субъектілерінің бағдарлама мүмкіндіктерін пайдалану аясын едәуір ұлғайтатынын атап өтті.
Отырыс барысында халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды. Өңірлік кеңес 4-6 тамыз аралығында Өзбекстанда өтетін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаевтың жұмыс сапарына арналған бизнес-миссияның мақсаттары мен міндеттерін қарастырды.
Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық әріптестікті нығайту ерекше маңызға ие. Осындай іскерлік миссиялар өндірістік кооперацияны дамытуға, өзара сауда көлемін арттыруға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға тиімді мүмкіндік береді. Қазақстандық кәсіпкерлер үшін бұл жаңа серіктестер тауып, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және жаңа нарықтарға шығуға жол ашады. Сондай-ақ қатысушыларға бизнес-миссияның мақсаттары мен делегация құрамына қатысу мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.

Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе Ұлттық құрылтай мүшелерін сайлау науқаны болды. Қатысушыларға кәсіпкерлер қауымдастығының дауыс беруге белсенді қатысуы бизнес пен қоғамның мүддесін лайықты білдіретін өкілді қалыптастыруға ықпал ететіні еске салынды.
Отырыс қорытындысы бойынша барлық айтылған ұсыныстар жан-жақты пысықталып, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметі аясында әрі қарай қарауға жолданатын болады.
Өңірлік кеңес кәсіпкерлердің бастамалары кәсіби деңгейде талқыланып, бизнес жүргізу жағдайларын жетілдіруге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналатын тиімді диалог алаңы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Дәл осындай жұмыс форматы Кәсіпкерлер палатасына бизнес қауымдастығының ортақ пікірін біріктіріп қана қоймай, ел экономикасының дамуына ықпал ететін бастамаларды жүйелі түрде ілгерілетуге мүмкіндік береді.