Ұлытау облысында Бренд комитетінің отырысы өтті
Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында Бренд-комитеттің отырысы өтті. Іс-шараға Ұлытау облысының аудандары мен қалаларынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер қатысты.
20 қатысушы ет және сүт өнімдерін, үй жағдайында дайындалған шұжықтың әртүрлі түрлерін, қымыз, құрт, ірімшік, табиғи жүн мен киізден жасалған бірегей бұйымдарды, былғарыдан жасалған қолөнер туындыларын, сублимацияланған бие сүті, табиғи колаген, қой жүнінен жасалған суреттер мен көне тәсілмен дайындалған қамшыларды таныстырды.
Бренд-комитеттің жұмыс тобының құрамына «Бір ауыл – бір өнім» жобасының Қырғызстандағы бас кеңесшісі әрі негізгі сарапшысы Акихиса Харагучи-сан, JICA халықаралық сарапшысы Мияке Жунджи-сан және Қырғызстандағы «ОСОП+1» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наргиза Эркинбаева кірді. Халықаралық сарапшылардың қатысуы іс-шараның маңызын арттырып, ұсынылған жобаларды жергілікті брендтерді дамытудағы халықаралық тәжірибе негізінде бағалауға мүмкіндік берді.
Бренд-комитет мүшелері ұсынылған өнімдерді бірнеше өлшем бойынша бағалады: табиғи құрамы, қаптамасының герметикалығы, брендтелу деңгейі, дизайнының тартымдылығы, сондай-ақ санитариялық талаптарға сәйкестігі. Бұл үздік өнім өндірушілерді анықтауға мүмкіндік берді.
Отырыс қорытындысы бойынша 10 финалист анықталып, оларға сертификаттар табысталды.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті өндірушілерді қолдауға, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға, өңірлік брендтерді қалыптастыруға және жергілікті шикізаттан өндірілген өнімдерді ілгерілетуге бағытталған. Жобаға қатысу кәсіпкерлерге өз бизнестерін дамытуға, өткізу нарығын кеңейтуге және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.





