«Кәсіпкер әйел» жобасы аясында Сәтбаевта «Маркетплейс» курсы аяқталды

30.07.2026
«Кәсіпкер әйел» жобасы аясында Сәтбаевта «Маркетплейс» курсы аяқталды

Сәтбаев қаласында «Маркетплейс» курсы сәтті аяқталды

Сәтбаев қаласында «Кәсіпкер әйел» жобасы аясында, қала әкімдігінің қолдауымен және Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен «Маркетплейс» курсы сәтті аяқталды. Білім беру бағдарламасы кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және онлайн-сауданың заманауи құралдарын меңгеруге бағытталды.

Оқу барысында қатысушылар маркетплейстерде жұмыс істеудің негізгі қағидаларын, интернет арқылы тауарларды ілгерілету тәсілдерін, клиенттермен жұмыс істеу ерекшеліктерін, сондай-ақ онлайн-бизнесті жүргізудің практикалық қырларын меңгерді. Алған білімдері түлектерге өз кәсіптерін дамытуға және сату нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Курстың аяқталуына орай өткен салтанатты шарада оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған 25 түлекке сертификаттар табысталды. Сертификаттарды Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Маржан Жауен және Сәтбаев қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Айжан Маманова табыс етті.

Түлектерді құттықтаған Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Маржан Абдрашитқызы «Кәсіпкер әйел» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан мұндай білім беру бағдарламалары әйел кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, бизнесте заманауи цифрлық құралдарды тиімді пайдалануға және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Өз кезегінде Айжан Шарипуллаевна әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мен олардың іскерлік әлеуетін дамыту жергілікті атқарушы органдардың басым бағыттарының бірі екенін айтып, мұндай жобалардың кәсіпкер әйелдердің табысты дамуына зор үлес қосатынын жеткізді.

Курс түлектері Сәтбаев қаласының әкімдігі мен Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасына «Кәсіпкер әйел» жобасы аясында онлайн-маркетинг және электрондық коммерция саласында қажетті білім алуға мүмкіндік жасағаны үшін шынайы алғыстарын білдірді. Қатысушылардың айтуынша, оқу барысында алған білімдерін тәжірибеде қолдана бастап, кейбірі маркетплейстер арқылы алғашқы тапсырыстарын қабылдап үлгерген.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, курс барысында алған білім мен практикалық дағдылар әйелдер кәсіпкерлігінің цифрлық ортада одан әрі дамуына берік негіз қалайды.

 

Изображение