Бизнесті табысты ілгерілету құпиялары: кәсіпкерлерге арналған шеберлік сабағы
Жеке брендті дамытып, бизнесті ілгерілету үшін міндетті түрде үлкен жарнамалық бюджет қажет емес. Дәл осы тақырыпқа Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігі жөніндегі салааралық кеңес мүшелері ұйымдастырған тегін шеберлік сабағы арналды.
Іс-шараның спикері SMM маманы және интернет-маркетолог Наталья Блинова болды. Ол қатысушылармен жеке брендті ілгерілетудің тиімді тәжірибелік құралдарымен бөлісті. Шеберлік сабағы барысында жаңа клиенттерді тарту, бизнестің танымалдылығын арттыру, блогерлермен және бренд амбассадорларымен тиімді жұмыс жүргізу жолдары туралы жан-жақты айтып берді. Сонымен қатар, тек таргеттелген жарнамамен шектелмейтін заманауи ілгерілету тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар аз шығынмен немесе мүлде қаржы жұмсамай-ақ жеке брендті дамыту, сапалы контент әзірлеу, әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және өз мақсатты аудиториясын табу жолдарын меңгерді.
Оқу қатысушыларының айтуынша, шеберлік сабағында көтерілген тақырып бүгінгі күні аса өзекті. Әрбір кәсіпкер өз ісін дамытып, клиенттер санын көбейтіп, аудиториясын кеңейтуді мақсат етеді. Ал алған білімдері заманауи ілгерілету құралдарын күнделікті жұмысында тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында қатысушылар Наталья Блиноваға мазмұнды баяндамасы, пайдалы кеңестері мен тәжірибелік ұсыныстары үшін шынайы алғыстарын білдірді. Олар бұл білімнің әлеуметтік желілерді тиімді дамытуға, жеке брендті нығайтуға және бизнесте жаңа жетістіктерге жетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.



