Цифрландыру және қолдау шаралары: «Атамекен» ҰКП-да әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды
Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі шағын комитеттің осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысына арналған отырысы өтті. Іс-шара «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазиннің төрағалығымен, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының және отандық бизнес өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
Кездесудің басты тақырыбы – ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев таныстырған Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері тізілімін жүргізудің цифрлық платформасы болды. Бұл құрал сарапшылар мен бизнес-қоғамдастық тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Себебі тізілімді автоматтандыру Палата мен мемлекеттік органдарға есепке алу және қолдау шараларын көрсету механизмдерін кәсіпкерлер үшін барынша қолжетімді әрі ашық етуге мүмкіндік береді.

Ұлттық палата сарапшыларының мәліметінше, 2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша жалпыреспубликалық тізілімге 1 776 субъект енгізілген. Өңірлік бөліністе ең жоғары белсенділікті Астана мен Алматы қалаларының бизнес-қоғамдастықтары көрсетіп отыр.
Отырыс шеңберінде бейінді шағын комитет басшысы Александр Соболев өткен алты айдағы жұмыстың басты нәтижелерін қорытындылап, 2026 жылдың II жартыжылдығына арналған міндеттерді айқындады. Өңірлік кәсіпкерлер палаталары да өздерінің тәжірибесімен бөлісті: Ұлытау, Атырау және Павлодар облыстарының өкілдері өңірлердегі үздік әлеуметтік жобалар туралы бейнематериалдар ұсынды.


Жиынның маңызды бөлігі ашық талқылау форматында өтті. Оның барысында әлеуметтік бизнес пен өңірлік шағын комитеттердің өкілдері жергілікті жерлерде кездесетін жүйелі әрі өзекті мәселелерді ортаға салып, қолданыстағы мемлекеттік қолдау механизмдерін жетілдіру бойынша нақты ұсыныстарын білдірді.

Осы орайда, Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі шағын комитет Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау, дамыту және ілгерілету бойынша күш-жігерді үйлестіруде маңызды рөл атқарады. Бизнеспен кері байланысты қамтамасыз ету және өңірлердегі мәселелерді жергілікте жерде шешу үшін 13 өңірлік шағын комитет жұмыс істейді (Атырау, Павлодар, Қостанай, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау облыстарында және Алматы қаласында).
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы заңнаманы жетілдіру, оқыту бағдарламаларын кеңейту және бүкіл ел бойынша әлеуметтік бизнес үшін барынша қолайлы орта қалыптастыру бойынша пәрменді ұсыныстар әзірлей отырып, Үкіметпен және бизнеспен бірлескен жұмысты одан әрі күшейте бермек.